
Теміртаудың 9-шағынауданындағы қараусыз жатқан бос аумақ жаңа қоғамдық кеңістікке айналды. Қалалық прокуратураның жанынан «Жасыл Теміртау» саябағы бой көтеріп, мұнда ағаштар отырғызылып, орындықтар, саябақ шамдары мен балалар алаңдары орнатылды. Жаңа нысанның ашылуы Қала күніне орайластырылды.

Осы уақытқа дейін қараусыз жатқан аумаққа бүгінде екі мыңнан астам ағаш отырғызылып, 80 саябақ шамы мен 25 орындық қойылған.

Жаңа нысан Теміртау прокуратурасының бастамасымен, қала әкімдігінің және Qarmet компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл жоба республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың тағы бір жалғасы болды.

Саябақтың ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Qarmet компаниясы басқарма төрағасы Петр Трушин және қала ақсақалдары қатысты. Олар еріктілермен бірге жаңа ағаштар екті.

– Бұл – жақсы бастама. Алдағы уақытта да қаланы дамыту және абаттандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Басты мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ол сондай-ақ Теміртауда қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасып жатқанын, ал металлургия комбинатында ауқымды жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мұрат Тілеубердиев «Жасыл Теміртау» саябағы қала тұрғындары үшін тағы бір тартымды демалыс орнына айналатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, мұнда тұрғындар серуендеп, демалып, балаларымен бірге уақыт өткізе алады.

Ауыр атлетикадан спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 81 жастағы қала тұрғыны Айтжан Исақов Қала күніне орай жасалған бұл игі сыйлық үшін алғысын білдірді. Ол Теміртауда 1958 жылдан бері тұрып келеді және қаланың жылдар өте қалай өзгергеніне куә болған.

– Біз өте қуаныштымыз. Қалада жастар мен қарттардың демалуына арналған осындай орындар көбейе берсе екен дейміз, – деді спорт ардагері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1302721?lang=ru

Жауап қалдыру