Қарағанды облысының ауылдарында тұратын 400-ден астам жас спортшы AUYL SPORT республикалық турниріне жолдама үшін бақ сынайды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Үш күн бойы Қарағанды жас ауыл спортшыларының басын қосқан спорт додасының орталығына айналады. Облыстың барлық ауданынан келген 400-ден астам оқушы AUYL SPORT – 2026 турнирінің облыстық кезеңінде мықтылар қатарынан көріну үшін бақ сынауда.

Спорт алаңдарында қатысушылар спорттың жеті түрінен — шағын футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, еркін күрес және бокс бойынша өзара сынға түсуде.

Қарағанды облысында AUYL SPORT турнирі екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы облыстық жарыс Бұқар жырау ауданында өткен болса, биыл эстафетаны Қарағанды қаласы қабылдады. Турнирге қатысушылардың барлығы аудандық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен.

Жас спортшыларға қолдау білдіріп, жарыстың ашылу салтанатына спорт ардагерлері Валерий Громов пен Сәбиғолла Әлкеев, 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері — боксшы Серік Елеуов пен жеңіл атлет Дмитрий Карпов, сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионы, 2026 жылғы бокс бойынша әлем кубогының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов келді.

— Ауылдарда спортты осылай дамыту өте маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіби спортшылардың көбі ауылдан шығады. Біз де ауылда спортпен айналысып бастап, кейін облыстық, республикалық және әлемдік додаларда биіктерді бағындырдық. Сондықтан ауылдардан жас таланттарды іздеу керек. Бүгінгі жарысқа қатысып отырған балалардың арасында ел чемпионы атанатын болашақ спортшылар бар екеніне сенімдімін, — деді Абылайхан Жүсіпов.

Жарыстың алғашқы күні-ақ бәсекенің қарқыны жоғары екенін көрсетті. Спорт алаңдарында баскетбол мен волейболдан алғашқы ойындар өтіп, бокс рингінде алғашқы жекпе-жектер болды.

Турнирге Осакаров ауданының құрамында 9-сынып оқушысы Арианна Сефериди де келді. Ол баскетболмен мектептегі секцияда және жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде айналысады. Өткен жылы Осакаров ауданының баскетболдан қыздар командасы жеңімпаз атанған. Биыл да команда өз чемпиондық атағын қорғауды көздеп отыр.

— Біз бұл жарысты қыздармен бірге асыға күттік. Бұл — өз қабілетімізді көрсетіп қана қоймай, қарсыластарымызбен танысуға да мүмкіндік. Біздің мақсатымыз — тек жеңіс, — дейді Арианна.

Команданың бұл мақсаты алғашқы ойыннан-ақ байқалды. Осакаровтық баскетболшы қыздар алғашқы матчта Нұра ауданынан келген команданы 42:15 есебімен сенімді жеңді.

Қатысушыларды алда тағы екі күн тартысты бәсеке күтіп тұр. Жарыс қорытындысы бойынша жеке және командалық есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Оларға дипломдар, медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табысталады.

Ал басты жүлде — облыстық кезеңнің жеңімпаздары AUYL SPORT – 2026 республикалық финалында Қарағанды облысының намысын қорғауға мүмкіндік алады. Республикалық финал қараша айының басында Астанада өтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1307409?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді