
Алматы қаласы ҚАЖД мекемесіндегі сотталған балалар арасында Наурыз мейрамы салтанатты түрде аталып өтті. Наурызнама онкүндігі аясында мекеме ішіндегі мектептің ұстаздары балаларға Көрісу күні, Қайырымдылық күні және Ұлттық киімдер күні сияқты атаулы күндерді насихаттап, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз жайлы әңгіме өткізді. Сондай-ақ ұстаздар слайдтар, әртүрлі көрнекі құралдар мен материалдар арқылы ұлтымыздың қайта жаңғырып жатқан әдет-ғұрыптарын терең түсіндірді.
Мекеме қызметкерлері мен тәрбиеші мамандардың жетекшілігімен жазалы балалар Жаңару күнінде ағаштардың түбін қопсытып, айналаны тазаласа, Ұлттық ойындар күнінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырды. Наурыз салтанатында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөпірімдер кітапханасының қызметкерлері мен арнайы қонақ болып келген өнерпаздар жазалы жасөспірімдерге әннен шашу шашып, кітаптар көрмесін ұйымдастырды және кітапхана атынан жасөспірімдерге алғыс хаттар тапсырып, кітаптар сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almduis/press/news/details/962343?lang=kk

Жауап қалдыру