
Салтанатты шарада Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры, «Сақтау» этно-фольклорлық тобы, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Дауыс» әншілер ұжымы өнер көрсетті. Сонымен қатар, дәстүрлі әндер шеруі ұйымдастырылып, қазақтың бай музыкалық мұрасы дәріптелді.
Мерекеде салт-дәстүрге негізделген шаралар да өткізілді. Қазақтың ұлттық ұғымындағы табиғатқа байланысты 7 амал жұмбақ ретінде қойылып, сыр сандықтар ашылды. Наурыздың рухани мазмұнын арттыру мақсатында әжелердің аластау дәстүрі мен жаршылар, жорамалшылар, кернешілердің халықтық өнері сахналанды. Ал, көпшілікке танымал Тазша бала мерекенің сәнін келтірді.
«Қош келдің, әз-Наурыз» мерекелік шарасында елімізге танымал эстрада әншілері өнер көрсетті. Мирас пен Құралай Бекжановтар, Шынтас пен Айнагүл және тағы да өнер ұжымдары әннен шашу шашты.
Наурыз мейрамы ақтөбеліктерге жаңа жылдай жарқын көңіл-күй, мол ырыс пен береке, шексіз қуаныш пен бірліктің мәнін тағы бір мәрте сезіндірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-arhiv/press/news/details/963814?lang=kk

Жауап қалдыру