
Аптаның сенбісінде аудан әкімі ауылдық округтерге іссапарын жалғастырды. Жақаш, Қосы батыр, Көкөзек елді мекендерінен тұратын Суханбаев ауылдық округін аралаған аудан әкімі ондағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының жұмыстарымен танысты. Іссапарында Жақаш ауылындағы А.Суханбаев, Қосы батыр ауылындағы Қарасу, Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов атындағы орта мектептерінің жұмысын көрді. 2010 жылы мемлекет және қоғам қайраткері А.Бекбосынның бастамасымен ашылған Қарасу орта мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, Т.Ақбозов орта мектебіндегі қабырғалық әлеуметтік төлқұжатты алып тастау керектігін ескертті.
150 орындық Жақаш ауылдық клубында бүгінде екі үйірме жұмыс істесе, онда отызға тарта бала ән мен биден дәріс алуда. Ауылдық әкімшілік ғимаратын аралап, кітапханадағы кітап қоры, ақпараттық цифрландырылған орталық арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді сұрап білді. Суханбаев дәрігерлік амбулаториясы 15 келушіге арналған. Мұнда жалпы саны он адам қызмет етеді. Мұнда жедел медициналық жәрдем қызметінің қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілуін қадағалады. 2010 жылы пайдалануға берілген «Айнұр» бөбекжай бақшасы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бүгінде онда 40 тәрбиеленушіге 6 педагог тәрбие беруде. Балабақша алдына брусчатка төсеу, табиғи газға қосу туралы тапсырма берілді. «Жасұзақ Асланбек» атындағы спорт кешенінде 20 бала дзюдо күресінен жаттығуда. Жыл бойына отыздан аса іс-шаралар өткізіліп, тұрғындар мен жастарды салауатты өмір салтына насихаттау жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың музей үйінде болып, ондағы жәдігерлермен танысты. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, батыр ерлігін насихаттау жұмыстарын жандандыру керектігін пысықтады.
Ақпараттық медиа орталығы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/965793?lang=kk

Жауап қалдыру