
Болашақ қауіпсіздігі үшін: Қарағанды облысында оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу. Қарағанды облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – полиция мен білім беру ұйымдарының басты назарындағы мәселелердің бірі. Сәуір айынан бастап бұл бағыттағы жұмысқа прокуратура өкілдері де белсенді түрде араласып, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтті. Қоғамда кеңінен талқыланған Теміртау қаласындағы жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттері Ішкі істер органдарының ардагерлерін де бей-жай қалдырмады. Көп жылғы тәжірибесі бар зейнеттегі полицейлер өскелең ұрпақпен профилактикалық жұмыс жүргізуге белсене атсалысып жатыр. Осындай бастамалардың бірі – Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары, аудан прокуратурасы және запастағы полиция подполковнигі Ерлан Оспановтың аудан мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен өткізген кездесулері. Бұл кездесулерде құқық қорғау саласының өкілдері жасөспірімдерге әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің салдары туралы кеңінен түсіндіреді.
Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен қазіргі қызметтегі мамандардың практикалық кеңестері жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар да кеңінен қолданылуда – онлайн форматта өткізілетін ата-аналар жиналыстары арқылы маңызды ақпарат жедел жеткізіліп, көп баланы қамтуға мүмкіндік туады. Кәсіби тәжірибе мен заманауи коммуникация құралдарын үйлестіре отырып жүргізілетін бұл кешенді жұмыс – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда тиімді құралға айналып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/976660?lang=kk

Жауап қалдыру