Түркістан қаласында жас ұрпақтың өнерін ұлықтап, рухани тәрбиесін нығайтуды мақсат еткен «Бабалар мұрасы – ұрпаққа аманат» атты облыстық байқау өтті. Бұл дода – эпостық жырлар мен қисса-дастандарды жатқа айту арқылы жас буынның ұлттық сана-сезімі мен жыр өнеріне деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Байқауға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан келген дарынды мектеп оқушылары қатысты. Олар халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанына айналған «Парпария» эпосын жатқа айтып, сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Байқау барысында ұлттық рух пен ата-баба аманаты жырмен жаңғырып, жас талапкерлердің шабытты үнімен жалғасын тапты.
Шараны Түркістан Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Абылай Беріханов, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов және «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды.
Қазылар шешімімен жүлдегерлер төмендегідей анықталды:
Бас жүлде – Түркістан қаласының үміткері Ұлболсын Егенбердіге бұйырды.
І орын – Отырар ауданынан келген Пашан Асылай жеңіп алды.
ІІ орын – Отырар ауданынан Қалжан Фариза иеленді.
ІІІ орын –
Жетісай ауданынан – Нұрмұрат Нұраят,
Сарыағаш ауданынан – Ахмет Думан,
Қазығұрт ауданынан – Ергешбай Айзере жүлделі орынды бөлісті.
Бұл байқау – тек жыр сайысы ғана емес, ұлт руханияты мен мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісі. Барша жеңімпаздарды және қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз! Болашақта бұл жас дарындар қазақтың киелі сөз өнерін жаңа биіктерге көтеретініне сенім мол.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Жауап қалдыру