Темір тапшылығы анемиясы (бұдан әрі – ТТА) – организмде темірдің мөлшері төмен болатын жағдай. Темір тапшылығында организмнің оттегіні қан жүйесінде тасуға қажетті гемоглобинді өндіру қабілеті қиындайды. Бұл шаршаңқылықпен, назар қоюдың төмендеуімен, жұмысқа қабілеттің төмендеуімен, психомоторлық дамудың бұзылуымен, организмнің жұқпаларға тұрақтылығының азаюымен көрініс береді.
Ақтөбе облысы бойынша 2024 жылы ТТА барлығы – 8050 анықталды, оның ішінде 800 жасөспірімде анықталды (2023 жылы -741), яғни 15-тен 17 жас аралығында, балалар арасында (0-14 жасқа дейін) – 7250. Жасөспірімдер арасында ТТА таралу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 1727,7 (2023 жылы – 1851,8) құрады. 2023 жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасында ТТА көбейген. Жасөспірімдер арасында ТТА таралуының облыстық көрсеткішінен жоғары болған: Әйтеке би – 6479,5, Ырғыз – 4687,5, Қобда -3682,2, Мұғалжар – 3763,0, Темір- 5042,7, Ойыл – 4060,9, Шалқар аудандарында -5758,8.
0 – ден 14 жасқа дейінгі балалар арасында ТТА таралу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2557,3 құрады (2023 жылы – 2595,7). Балалар арасында ТТА таралу көрсеткіштерінің төмендеуіне қарамастан, Алға – (2920,1), Қарғалы (3269,4), Хромтау (2938,6) және Шалқар (7814,0) аудандарында облыстық көрсеткішінен жоғары болып отыр.
Балалар мен жасөспірімдерде ТТА пайда болу себептері: дұрыс тамақтанбау, темір тапшылығы, қанның көптеп жоғалуы (жарақат салдарынан және т.б.), өсудің жедел қарқыны және оның жоғалуы аясында темірге деген қажеттіліктің жоғарылауы, қозғалыссыз күйде ұзақ болу, таза ауада сирек серуендеу, темірдің жеткілікті мөлшерін сіңіру үшін қажетті дәрумендердің, ең алдымен В12 және С тапшылығы болып табылады.
ТТА негізгі белгілері (анемиялық, сидеропеникалық): тері жамылғысы мен шырышты қабықтардың бозаруы. Тәбеттің болмауы, қалыптан тыс әуестенушіліктің туындауы (еттен бас тарту, бор, ізбес, топырақ, саз жеуді қалау), ащы иістерге құмарлық (керосин, бензин, ацетон). Тері мен оның туындыларының трофикалық өзгерістері – тырнақ, шаш. Шаш сынғыш, күңгірт, «талшық» тәріздес болады, шаш түседі. Тырнақ сынғыш, жайпақ, ортасында латералды және соңғы жақтары көмкерілген, қасық пішінді болады.
Темір тапшылығы орталық нерв жүйесіне әсер етеді – эмоциялық тонус және көңіл-күй түседі, әрекет өзгереді: жылауықтық, ашуланшықтық, қыңырлық туындайды. Қоршаған ортаға, сабаққа қызығушылық жоғалады.
Ерте және үлкен жастағы балаларда ТТА алдын алу:
– ТТА-ның алдын алу мақсатында балалар мен жасөспірімдер құрамында темір бар өнімдерді жеткілікті тұтынуы қажет (мысалы, ет, құс еті, жұмыртқаның сарысы, кепкен жемістер, кепкен көк бұршақ және үрме бұршақ, жаңғақтар, көк жапырақты көкөністер, тұтас дәнді нан, құнарландырылған дақылдар);
– темірді организмге тиімді сіңіру үшін С дәруменінің мөлшері жоғары өнімдер (мысалы, цитрустылар, қызанақтар, қауын, бұрыш, шөптесін, қырыққабат, брокколи, құлпынай, картоп) қажет.
ТТА белгілері туындаған кезде уақытында дәрігерге жүгініп, білікті көмек алу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-aktobe/press/news/details/972939?lang=kk

Жауап қалдыру