
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде елімізде қоршаған ортаны қорғау және сақтауға бағытталған түрлі экологиялық іс-шаралар өткізілуде.
Солардың бірі – экологиялық білім беру. Бұл бағыт бойынша Шымкент қаласында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тиісті дағдыларды дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ондағы негізгі мақсат – жас ұрпақты табиғатты аялауға, қорғауға үйрету және экологиялық сананы қалыптастыру жөніндегі дүниетанымын кеңейту.
Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында Шымкент қаласындағы 150 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Табиғатты аялайық» атты экологиялық сынып сағаттары мен өзге шығармашылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталған жоба табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жанашырлықты таныту мақсатында өткізілді.
Іс-шара аясында оқушылар экологиялық сабақтар мен тәрбие сағаттарына қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтаудың маңызы жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. Сондай-ақ, табиғатпен үйлесімді өмір сүру қағидаттары бойынша шығармашылық туындылар, суреттер, акциялар және экослет арқылы көрсету шаралары өткізілді. Мектеп аулаларында «ЖАС ЭКОЛОГТАР» үйірмелері мүшелерінің тәжірибе мен теорияны байланыстыру арқылы сынып сағаттарын өткізуі табиғатты қорғауға деген шынайы ықыласы мен болашаққа деген сенімдерін бейнеледі.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мақсатын мектеп қауымына тереңірек таныстыру барысында оқушылардың экологиялық ой-санасы мен шығармашылық қабілеттері арта түсіп, мектеп ұжымында табиғатты қорғауға бағытталған идеялар кеңінен насихатталды.
«Табиғатты аялайық» атты жоба – экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама арқылы жас буын табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиеленіп, жасыл болашақтың кепілі бола алатынын көрсетті.
Аталған жоба қаладағы орта білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өткізіліп, экологиялық білім беру бағытындағы жұмыстар ары қарай жалғасатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bilim/press/news/details/983074?lang=kk

Жауап қалдыру