
Министр Саясат Нұрбек Аризона университетінде: Қозыбаев университетімен стратегиялық серіктестік кеңейтіледі
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қозыбаев университетінің делегациясымен бірге АҚШ-тың Аризона университетінде болды. Бұл кездесу – Министрліктің халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, отандық жоғары білімді әлемдік академиялық кеңістікке интеграциялауға және еліміздің тұрақты дамуының басымдықтарына сәйкес келетін ғылыми бастамаларды ілгерілетуге арналған стратегиялық бағыттың бір бөлігі.
Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы ынтымақтастық 2022 жылы ҚР Президентінің бастамасымен АҚШ университетінің алғашқы шетелдік филиалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ашылған кезде басталды. Бұл қадам ұлттық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды кезеңге айналып, халықаралық академиялық қоғамдастыққа интеграцияланудың жаңа көкжиектерін ашты.
Делегация құрамында сондай-ақ Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев бастаған оқу орын өкілдері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Абай Рахмет болды. Кездесу барысында қос дипломдық бағдарламаларды әзірлеу, білім беру және ғылыми технологияларды трансферлеуге және академиялық алмасу мен ғылыми тағылымдамадан өтудің жаңа форматтарын қалыптастыруға баса назар аударылды.
Бағдарлама Аризона университетінің басшылығымен ресми кездесу, жұмыс кеңестерінен басталды. Делегацияны халықаралық істер жөніндегі вице-президенті Дженни Ли, Орталық және Оңтүстік Азия мәселелерінің аға директоры Рикки Салазар және университеттің жетекші профессорлары қарсы алды.
Қозыбаев университеті жанындағы Агроқұзыреттілік орталығының бірлескен жобаларын талқылауға ерекше назар аударылды. Бұл платформа өсімдік, мал шаруашылығы, су ресурстарын басқару және заманауи агротехнологиялардағы геномдық зерттеулерді біріктіреді. Орталық ғылым, білім және бидайдың төзімді сорттарын өсіру, биоалуантүрлілікті сақтау, озық технологияларды трансферлеу және ауыл шаруашылығы зерттеушілерінің жаңа буынын дайындау жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Орталықтың негізгі серіктестері – Аризона геномика институты (AGI) және Сауд Арабиясындағы KAUST университеті. Қос дипломдық бағдарлама бойынша оқитын биотехнология мамандығының 2-3 студентін геномдық селекция және биоинформатика бағыттары бойынша екі ай мерзімге KAUST қысқа мерзімді тағылымдамадан өткізу жоспарланып отыр.
Кездесу аясында Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасында медицина және бизнес салаларындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын кеңейту бағытында екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ министрге Қозыбаев университетінің басым бағыттары бойынша ғылыми орталықтарды дамыту туралы су ресурстарын басқару, ветеринария, өңірлердің ауыл шаруашылығы консорциумы және тұрақты агробиотехнология бойынша төрт баяндама ұсынылды.
Ғалым, профессор Джеффри Пьюннің ғылыми-зерттеу тобымен бірге жүргізген күкірт полимерлерін жасау және қолдану жобасының ғылыми тұсаукесеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға мұнай-химия және тау-кен өнеркәсібінің жанама өнімі – қайта өңделген күкірт негізіндегі жоғары тиімді материалдарды өндірудің инновациялық технологиясы көрсетілді. Қазақстанның дамыған өнеркәсіптік базасы мен құрамында күкірт қалдықтарының үлкен көлемін ескере отырып, осыған ұқсас бастамаларды жүзеге асыруға елеулі әлеуеті бар.
Сонымен қатар Аризона университетінің зерттеу инфрақұрылымына, соның ішінде Геномика институты мен Ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу орталығына экскурсия жасалды. Қазақстандық мамандарды даярлау, ғылыми тағылымдамадан өту және біліктілігін арттыру арқылы ынтымақтастық пен оқытудың нақты бағыттары талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/981447?lang=kk
Жауап қалдыру