
Темір ауылы жастары ұйымдастыруымен ерекше форматтағы, рухани мазмұны терең спорттық іс-шара өтті. Кіші футболдан ұйымдастырылған бұл турнир Темір жалпы білім беретін мектебінің 2015 жылғы түлектерінің бастамасымен өтті. Биыл мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай олар футбол додасын ұйымдастырып қана қоймай, өмірден ерте озған сыныптастары — Айтбек Зарина Жақсыбекқызы, Баянбай Арайлым Маратқызы және Жолдасова Арайлым Мақсұтқызын еске алуды басты мақсат етті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай игі шаралардың ауыл өміріне рухани серпін беретінін атап өтті. Әкім турнир қатысушыларына сәттілік тілеп, бастамашыл жастардың ісін елге үлгі етіп көрсетті.
Футбол алаңында тартысты ойын өрбіді. Жарысқа ауылдың әр буындағы жастары мен арнайы жасақталған “Ардагерлер” командасы қатысты. Атап айтқанда, 1991, 1992, 1994, 1995, 1996, 1997, 1999, 2000, 2002, 2004, 2005 және 2006 жылғы ауыл жастары алаңда өзара бақ сынасты.
Турнир нәтижесінде:
🥉 3 орынды — 1992 жылғы ауыл жастары,
🥈 2 орынды — ұйымшылдығымен көзге түскен 2004 жылғы жастар,
🥇 1 орынды — бірнеше турнир бойы ауыл чемпионы атағын иеленіп жүрген 1995 жылғы жастар еншіледі.
Жеңімпаз командалар арнайы марапаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жарысты ұйымдастырушылардың ықыласы ерекше сезілді.
Бұл турнир — жастардың белсенділігін, азаматтық жауапкершілігін және достыққа деген адалдығын көрсеткен жарқын мысал. Ең бастысы, шара ауылдағы ынтымақ пен бірлікті арттырып, жастардың басын қосқан шынайы мереке сипатында өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/980661?lang=kk
Жауап қалдыру