
2025 жылғы 21–25 сәуір аралығында Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында «Жергілікті өкілді органдардың рөлін және әлеуетін нығайту» тақырыбында депутаттарға арналған семинар өтуде.
Бұл маңызды шара жергілікті өкілді органдардың барлық деңгейдегі депутаттарының кәсіби біліктілігін арттыруға және олардың мемлекеттік басқарудағы рөлін тиімді атқаруына бағытталған. Семинар барысында қатысушылар жергілікті басқаруға қатысты өзекті мәселелерді, заңнамадағы өзгерістерді, сондай-ақ қоғаммен байланыс пен әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелерін талқылайды.
Іс-шара аясында депутаттардың басқару жүйесіне белсенді қатысуына ықпал ететін тренингтер мен тәжірибелік семинарлар өткізіледі. Қатысушылар өз кәсіби қызметінде қолдануға болатын жаңа білім мен әдістерді меңгереді.
Семинардың басты мақсаты – депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенімді байланыстарды нығайту. Бұл шара жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың мәселелеріне жедел әрі сапалы жауап беруге септігін тигізеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-maslihat/press/news/details/980379?lang=kk
Жауап қалдыру