Елімізде балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Бұл саланы қолға алғандарға мемлекеттен арнайы субсидия төленуде. Шаруалар мемлекеттік қолдауды құп көріп, Төлеби ауданында балық шаруашылығын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Сондай -ақ, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов инвесторлармен кездесулерде табиғаты тамаша аймақта балық шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерін таныстырып, кәсіпкерлерге заң аясында қолдау көрсетілетінін түсіндіруде.
Нәтижесінде, қазіргі кезде аудан аумағында балық шаруашылығымен 16 кәсіпкер айналысса, 5 шаруашылық биылғы жылы ашылды.
Киелітас ауылдық округіндегі “FISH-House” ЖШС-і балықтың сазан және форель түрін уылдырықтан (икра) көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Инвестиция құны 400 млн. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель , 3 тонна бекіре тұқымдас, 10 тонна жабак балығын жіберді.
Қазіргі таңда 50 ауыл тұрғынын уақытша жұмыс орнымен, алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Сондай -ақ, кәсіпкер өз қаржысы есебінен жол бойына замануи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беруді жоспарлауда.
Кәсіпкер форель балығын күн суытқан уақытқа дейін арнайы орында өсіріп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберетінін айтты. Бұған қоса, ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыруды қолға алған.
Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі “Шымкентбалық” ЖШС 2 га жерде жерде балық ұстауға арналған алты бассейн жасап, форель балықтарын өсіріп, жылына 300 тонна өнім алуды қолға алған.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы мекемелер жұмысымен танысып, кәсіпкермен тілдесті. Оларды толғандырған сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің заң аясында шешілу жолдары қарастырылатынын айтты. Шағын кәсіпкерліктің мемлекет қолдауында екенін айтып, мемлекеттік бағдарламалар, төленетін субсидиялар туралы түсіндірді.
Жауап қалдыру