
Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында грек-рим күресінен бірінші Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнир басталды. Іс-шараға облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаєв пен облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Жарыстар чемпионның есімі берілген спорт кешенінде өтуде. Турнирге 2008-2010 жылдары туған жасөспірімдер қатысып жатыр. Қазақстанның бес өңірінен келген 12 команда құрамында 140-тан астам балуан бақ сынауда.
Алматы облысында мұндай турнирдің өткізілуі — ел ардақтысы, еңбекқор азамат әрі нағыз отаншыл Жақсылық Үшкемпіровке көрсетілген үлкен құрметтің белгісі.
«Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнирдің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Ол — еліміздің атын әлемге танытқан даңқты спортшы ғана емес, көптеген ізгі істерімен халық жадында қалған азамат. Жастарды патриоттық рухта тәрбиеледі, соңғы жылдары өзі тұрып, еңбек еткен ауылдың көркеюіне зор үлес қосты. Чемпионның есімін бүгінде әр қазақ біледі. Өйткені ол — ұлттық мақтанышқа айналып, қарапайым ауыл баласының табандылық пен еңбекқорлық арқылы қалай үлкен жетістікке жетуге болатынын дәлелдеді. Бұл турнирге Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарынан 140-тан астам жас балуан келді. Осындай бастамалардың арқасында алдағы уақытта елімізді халықаралық аренада лайықты танытатын балуандар өсіп шығатынына сенімдімін», — деді ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Билалдин Ушуров.
Жақсылық Үшкемпіров Жамбыл облысында дүниеге келген. Күреспен кәсіби түрде Шығыс Қазақстанда айналыса бастады. Балуан залға кездейсоқ келгенімен, әрдайым белсенді өмір салтын ұстанған — қазақ күресімен айналысып, футбол ойнаған, бокс та шұғылданған. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қайырымдылықпен көп айналысты. Мысалы, Алматы облысындағы Мынбаев ауылында өз қаражатына өндірістік және әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтірді. Ол жерде спорт мектебі, балабақша және жас отбасыларға арналған жатақхана салдырды. Мұндай мысалдар көп. Оның қамқорлығының арқасында бүгінде ауылдық жерлердің жүздеген баласы спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды.
«Бүгін біз Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген спорт кешенінде жиналдық. Ол бүкіл әлемге қазақстандықтардың рухы мен бірлігін көрсетті. Жастар осындай тұлғалардан үлгі алуы тиіс. Жақсылық Үшкемпіров жастардың спортқа бет бұруына үлкен үлес қосты. Ол тынымсыз еңбек етіп, табысты шаруа қожалығын құрды, ірі меценат болды, халықаралық жарыстарды ұйымдастырып, жас ұрпақты салауатты өмірге баулыды. Оның өмір жолы — көпке үлгі. Бүгінгі іс-шара халқымыздың біртуар перзентінің еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі», — деді спорт ардагері, КСРО спорт шебері Болатжан Теңізбаев.
Жас балуандар 45 кг-нан бастап 110 кг-нан жоғарыға дейінгі он салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Алматы облысының намысын қорғап жатқан, Қазақстан чемпионы Алихан Болатбек турнирге қатысқан қуанышын білдіріп, қарсыластарының мықты екенін және бәсекелестіктің жоғары деңгейде екенін айтты.
«Жақсылық Үшкемпіров бәрімізге үлгі болды. Бұл турнир — ұлы спортшыға деген құрметтің белгісі деп білемін. Мұнда қатысу мүмкіндігін алғаныма өте қуаныштымын. Менің салмағымда — 45 келіде — 30-дан астам қарсылас бар екен. Алғашқы белдесуімді жеңіспен бастадым. Алда жеңіске жетемін деп сенемін. Осындай жарыстар көп болса екен», — деді турнир қатысушысы Алихан Болатбек.
Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған ашық республикалық турнир екі күнге созылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-maslihat/press/news/details/990646?lang=kk
Жауап қалдыру