
***
Қадірлі жерлестер!
Бүгін Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Баршаңызға мерейтой құтты болсын!
Ақтөбе өлкесі – талай батырлар мен ержүрек ұл-қыздарды түлеткен киелі мекен. Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа өңірден 122 мың жауынгер шақырылды. Сол боздақтарымыздың 36 мыңнан астам майдан даласынан елге оралған жоқ. Сұрапыл қан майданда ерлік көрсеткен 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 8-і — «Даңқ» орденімен марапатталды.
Биыл – қан майданда ел үшін жанын берген қаһарман қыз, Шығыстың қос шынары, Кеңес Одағының Батыры – Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Апамыздың есімін ұлықтау – бізге абыройлы міндет.
Отан алдындағы парызын адал атқарып жүрген азаматтарға, ел тыныштығын күзеткен ерлерге деген құрметтің айшықты белгісі болған Отан қорғаушылар күнінде еліміздің әскери әлеуеті мен қорғаныс қабілеті паш етілді. Әскери парад – еліміздің бейбіт болашағына деген сенімнің, әскери қуатымыздың және ұлттық рухымыздың айқын көрінісі болды.
Мемлекет басшысы бір сөзінде «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз!», – деген еді.
Құрметті ақтөбеліктер!
Ер есімі – ел есінде. Ұрпақ қамын ойлаған қайсар азаматтардың ерлігінің арқасында біз алаңсыз тіршілік кешіп, өсіп-өркендеп келеміз. Тәуелсіздік пен тыныштықтың бағасын біліп, оны көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың борышы.
Батыр бабалар аманатына адал болайық!
Әр шаңыраққа береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін. Әрқашан көк Туымыз көгімізде қалықтасын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/992530?lang=kk
Жауап қалдыру