Қарағанды облысы: үлкен мүмкіндіктер аймағы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгінде Қарағанды облысы – бұл Қазақстанның индустриялық орталығы ғана емес, сонымен қатар 99,5 мыңнан астам ШОБ субъектілері тіркелген, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпкерлік өңір.
Өңірдің индустриялық бағытын және жыл сайын ашылып жатқан жаңа инвестициялық жобаларды ескере отырып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімге қосқан үлесі 21,4%-ды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары.
ШОБ өндірген өнімнің жылдық көлемі 3,5 трлн теңгеден асты, мұны Қармет және Қазақмыс сияқты ірі өнеркәсіп алыптарының өндірістік көрсеткіштерімен салыстыруға болады. Ел көлемінде Қарағанды облысы ШОБ өнім шығару бойынша бесінші орынды иеленеді.
Халықты жұмыспен қамтуда да ШОБ-тың үлесі айтарлықтай. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл секторда 244,6 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл – облыстағы жұмыс істейтін халықтың 45%-ын құрайды.
Шағын және орта бизнес сондай-ақ өңір бюджетінің толығуына белсенді үлес қосуда. 2025 жылдың бірінші тоқсанында ШОБ субъектілерінен түскен салықтық түсімдер шамамен 100 миллиард теңгені құрап, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 17,3%-ға жоғары болды.
Қаржылық қолдау – бизнесті дамытудың негізгі факторларының бірі. Биылғы жылы 1,9 мың кәсіпкерлік жоба қаржыландырылды.
Кәсіпкерлер үшін ең сұранысқа ие әрі тиімді құралдар – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру, бұл шаралар Кәсіпкерліктің кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
​Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында жалпы кредит портфелі 10,1 млрд теңгені құрайтын 80 жаңа жоба қаржыландырылды, сондай-ақ бұрын іске қосылған 1,7 мың жобаға субсидия беру жалғасуда.
​Бизнесті қаржылық қолдау аясын кеңейту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп өңірлік «Кәсіпкер» бағдарламасы әзірленіп, сәтті іске асырылуда. Биылғы жылы осы бағдарлама аясында 300 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған 8 жобаға қаржыландырылды.
​Әлеуметтік кәсіпкерлікке де ерекше назар аударылуда. Бүгінде 31 кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне енгізілді. Бұл олар үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларына жеңілдікті шарттармен қатысуға жол ашады.
​Мемлекеттік қолдаудың барлық осы шаралары өңірде қолайлы бизнес-ахуалдың қалыптасуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жалпы аймақ экономикасының өсуіне ықпал етуде.
​Тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында облыста 75 жаңа ШОБ нысаны ашылды, ал өңір экономикасына 60,7 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл – негізгі капиталға салынған барлық инвестициялардың 37%-ын құрайды. Ең жоғары өсу қарқыны сауда (563,1%) және тұру және тамақтану қызметтері (378,8%) сияқты салаларда тіркелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-kasipkerlik/press/news/details/994138?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді