Қарағандыда интернет-алаяқтықпен күреске арналған форум өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыда интернет-алаяқтықпен күреске арналған форум өтті
Қазіргі цифрлану дәуірінде интернет-алаяқтық күннен-күнге кең етек алып, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Осыған байланысты Қарағандыда интернет алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күреске арналған форум өтті. Іс-шара «Жастар» мәдениет үйінде Қарағанды облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Форумның басты мақсаты – қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, интернеттегі алаяқтық тәсілдері туралы ақпарат тарату және оны болдырмаудың тиімді жолдарын талқылау. Мамандардың айтуынша, алаяқтар өз әдістерін үнемі түрлендіріп отырады. Олар фишинг, жалған сілтемелер, пошта жөнелтілімдері туралы хабарламалар, сондай-ақ банк немесе құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалу арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденіп, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауда. Осындай схемалардың бірі – «есептегіш құралдарын ауыстыру» туралы жалған қоңыраудан кейін алаяқтар «банк қызметкеріміз» деп хабарласып, тұрғындарды алдап соғады.
Статистикаға сәйкес, интернет-алаяқтардың әрекеттерінен келген материалдық шығындар өңірде жүздеген миллион теңгені құрап отыр. Алайда, алдын алу шаралары өз нәтижесін бере бастады – тұрғындар сақтық танытып, алаяқтардың айла-тәсілдерінен жиі қорғана алуда. Мұндай оқиғалар қатарында Саран қаласында орын алған жағдайды атап өтуге болады. 80 жастағы зейнеткер атына несие рәсімделгелі жатқанын байқап, бірден полицияға хабарласқан. Құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етіп, қажет көмекті көрсетті.
Форум аясында сарапшылар, құқық қорғау органдары өкілдері және қала тұрғындары өзара пікір алмасып, интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін талқылады. Қарағанды облысының Полиция департаменті азаматтарды онлайн кеңістікте сақ болуға, бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және күмән тудыратын жағдайларда дереу полицияға жүгінуге шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/995388?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді