
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қолдауымен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» атты облыстық деңгейдегі маңызды жиын өтті.
Жиынның мақсаты — ұлттық салт-дәстүр мен қазіргі той мәдениетін бір арнаға тоғыстырып, озық үлгілерін насихаттау, жас асабаларға бағыт-бағдар беру және халықтың көңілінен шығатын, ұлттық болмысқа сай той өткізу мәдениетін қалыптастыру.
Қазақ халқы ертеден-ақ тойды ұрпаққа үлгі, ұлтқа өнеге ретінде қарастырған. Кең дастархан мен сыйластықты арқау еткен қазақы дәстүріміз – ұлт мәдениетінің айнасы. Соңғы жылдары асабалық өнер де үлкен бизнес пен шығармашылық ортаға айналды. Алайда кейбір жағдайларда тойда айтылатын орынсыз әзілдер мен мәдениеттен тыс әрекеттер халықтың сынына ұшырап жүр. Осындай түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында «Асабалар алаңы» бірлестігі құрылып, жүйелі жұмысын бастап кетті.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Қонысбай Қуандықұлы Ильясов ашып, құнды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар сөз алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева, этнограф Тәтті Орынтай, той жанашыры, асаба Еркінбек Құттықов және журналист, орталық директоры Жасұлан Әбдіхалық ұлттық той мәдениетін дамыту жайында мазмұнды баяндамалар жасады.
Жиын соңында «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің құрамына қабылданған 33 асабаға арнайы куәлік пен төсбелгі табысталды. Бұл — өнер иелерінің абыройын арттырып, той мәдениетіне деген жауапкершілікті күшейтетін маңызды қадам.
«Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Даниярұлы Нұрақбаевтың айтуынша, бұл бастама тек Жамбыл өңірімен шектелмей, болашақта республикалық деңгейде жалғасын таппақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/996679?lang=kk
Жауап қалдыру