
Елордадағы «Орталық базар» СҮ-де «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы ұйымдастырған құқықтық көмек күні өтті. Іс-шара «Құқық көмек» және «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияның мақсаты – халыққа білікті қаржылық және заңгерлік көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру.
«Біз бұған дейін Астаналық базарында қабылдау өткізіп, 100-ден аса адамға түрлі бағыт бойынша көмек бердік. Бүгін «Орталық базарда» ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – партиялық жобалар туралы құлағдар ету, бірнеше мекеменің өкілдерін бір жерге жинап, халыққа құқықтық көмек беріп, қаржылық мәселелері бойынша жан-жақты кеңес беру», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Іс-шара аясында азаматтар құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша тегін кеңес алды.
Іс-шараға «Қарызсыз қоғам» жобасының, БЖЗҚ, Әділет департаментінің, адвокаттар алқасы мен заң палаталарының өкілдері, сондай-ақ ҚР Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев қатысты.
«Мерзімі өткен кредиттер бойынша, заң мәселелері бойынша әртүрлі мәселелер көтерілді. Біз осындай іс-шараларды елорданың басқа да сауда үйлерінде тұрақты түрде өткізіп отырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз хатшысы Сұлтан Мұстафин.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/997748?lang=kk

Жауап қалдыру