
2025 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Маңғыстау облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Mangystau Future 2025» өңірлік инвестициялық форумы өткізілді.
Форум жұмысына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, Бас прокуратура өкілдері, барлық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, квазимемлекеттік секторы өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам инвесторлар мен 100-ден астам кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шараның мақсаты – бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелерді ашық талқылау және инвестициялық ахуалды, көлік логистикасын, өңірдің туристік тартымдылығын жақсарту бойынша бірлескен шешімдер қабылдау.
Көтерілген сұрақтар қатарында – әкімшілік кедергілердің болуы, қаржыландыру құралдарына қолжетімділіктің шектеулігі, құқықтық қайшылықтар мен субсидиялау саласындағы мәселелер бар.
Форум аясында прокуратура тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері ұсынылды, оның ішінде соңғы бір жылда өнеркәсіп, логистика, салық саласы және мемлекеттік сатып алулар бағыттарында ондаған жүйелі мәселелер шешіліп, көптеген әкімшілік кедергілер жойылды.
Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау нәтижесінде 300 млрд теңге көлеміндегі жобалары бар 50-ге жуық инвесторлардың мәселелері оң шешімін тапты, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың 17 заңсыз актілері жойылып, монополистер тарапынан шарттық міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етілді және басқа да нәтижелерге қол жеткізілді.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңірдің импортқа тәуелділігінің тым жоғары екені атап өтілді – жыл сайын шамамен 50 млрд теңгеге азық-түлік сырттан тасымалданады, ал көкөністер мен жемістердің үстеме бағасы 300%-ға дейін жетеді.
Осыған байланысты, прокуратура жылыжай шаруашылығын субсидиялау шарттарын жеңілдету, шағын және орта бизнесті аграрлық бағдарламаларға тарту, сондай-ақ Каспий теңізінің акваториясында тор қоршамада балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар шараларды ұсынды.
Форумда сондай-ақ теңіз туризмін қоса алғанда, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Нәтижесінде, прокуратура Маңғыстау облысын және оның су кластерін басым туристік аймақ ретінде тану және жеке субсидиялау механизмін енгізу мәселесін көтерді.
Форум қатысушылары алғыстарын білдіріп прокуратура бастамасымен ұйымдастырылған мәселелерді жергілікті деңгейде талқылау және мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты нығайту жолындағы мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Қорытынды сөзінде облыс прокуроры Айдос Майлыбаев Бас Прокурормен белгіленген міндетке назар аударды – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Осы тапсырманы орындау шеңберінде Маңғыстауда бюрократиялық кедергілерді кезең-кезеңімен жоюдың және инвесторлардың сұраныстарына жедел жауап қайтару бойынша шаралар қабылдануда.
«Маңғыстау Қазақстанның батысындағы басты инвестициялық және туристік орталыққа айналуы тиіс. Қолайлы инвестициялық ахуал жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңір инфрақұрылымының дамуына және туризм индустриясының өсуіне ықпал етеді. «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында біз заң талаптарының бизнес үшін түсінікті әрі орындалатын болуын қамтамасыз етуге күш саламыз. Ортақ жұмыс кәсіпкерлердің сенімін арттырып, біздің бастамаларымыздың тиімділігін арттыратынына сенімдімін, – деді облыс прокуроры.
Форум соңында бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасында нақты келісімдер жасалып, өңірдегі іскерлік ортаны жақсарту жөніндегі алдағы қадамдардың негізіне айналатын болды.
#Заң_мен_Тәртіп
#ИнвесторлардыңҚұқықтарынҚорғау
Маңғыстау облысының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-mangistau/press/news/details/997747?lang=kk

Жауап қалдыру