
Қарағанды қаласының Орталық саябағында дәстүрлі «Жас құтқарушы» облыстық жарыстары өтті. Биылғы жылы бұл жарысқа қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпаздары – 130-дан астам мектеп оқушысы қатысты. Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген 13 команда үздік атану үшін өзара бақ сынасты.
Жарыстың мақсаты – оқушыларға қауіпсіздік негіздерін, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді және командамен жұмыс істеу дағдыларын үйрету. Бұл – тек жаттығу ғана емес, болашақ құтқарушыларды тәрбиелеудегі маңызды қадам.
– Бұл жарыстар жақсы дәстүрге айналды. Бүгін мұнда қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпаздары – ең үздіктер жиналды. Әр бала төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін біліп, өз-өзін ғана емес, өзгелерді де құтқара алатындай болуы аса маңызды. Байқау қорытындысы бойынша шілде айында Ақмола облысында өтетін республикалық жарысқа қатысатын облыс құрамасын жасақтаймыз, – деді Қарағанды облысы ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Шараның құрметті қонағы – Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болды. Ол жас қатысушыларға қолдау білдіріп, мұндай жарыстардың жауапты азаматтарды тәрбиелеудегі маңызын атап өтіп, оқушыларға сәттілік пен сенімділік тіледі.
Жарыс нәтижесі бойынша:
- I орын – Қарағанды қаласындағы № 32 жалпы білім беретін мектеп командасы
- II орын – Теміртау қаласындағы Бірінші классикалық лицей
- III орын – Бұқар жырау ауданы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебі
Жеңімпаздарға дипломдар, медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, жарыстың жекелеген кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар да марапатталды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/998443?lang=kk

Жауап қалдыру