
Бір жарым жыл бұрын Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының тұрғыны Болат Жомартов “Ауыл аманаты” жобасының қатысушысы болды. Өтінім беріп, бизнес-жоспар ұсынды және алты миллион теңге сомасында 2,5% несие алды. Бұл қаражатқа ол газбен жылытылатын 104 шаршы метрлік жылыжай салды. Қазіргі уақытта жылыжай күнмен жеткілікті түрде жылытылады, желдету жүйесі жұмыс істейді, ішіндегі температура тұрақты – плюс 22 градус. Өсімдіктер үшін қолайлы.
“Біз наурыз айының соңында жерге тоқсан қияр тұқымын отырғыздық. Қазір жеміс беріп жатыр. Мен тек аптасына екі рет суарамын. Оның қасына тағы 30 өсімдік отырғыздым, олар бірнеше аптадан кейін түс алады және алғашқы қияр пайда болады. Шалғам мен қымыздықты кеше кесіп алып, саттық. Асжапырақ, салат жапырағы, егістік қышатүс, райхан, аскөк, ақжелкен, жасыл пияз да жақсы өседі”, – деп таныстырады Болат Жомартов өз жылыжай шаруашылығын.
Күндізгі күн сәулесінен басқа, бұлтты ауа-райында көкөністер мен шөптер шамдардан қосымша жарық алады. Тамшылатып суару жүргізіледі. Бағбанның айтуынша, су шығыны 800 литр. Жылыжай жыл бойы жұмыс істейді. Жасылдан басқа құлпынай, лимон және өте жас емен өседі.
“Жылыжайда алты қатар бар. Біз көк, қызанақ, шалғам және қиярдың онға жуық түрін өсіреміз. Әзірбайжаннан әкелінген лимонды да отырғызып көрдік, жақында гүлдей бастады. Мен 61 жастамын, зейнетке шығатын уақытым жақындады. Бірақ лайықты демалыста да бірдеңемен айналысу керек. Сондықтан мен өзімнің шағын кәсібімді қолға алдым. Қазір осы жылыжайда жұмыс істеймін, менімен бірге жұбайым да, енем де шаруаға араласады. Біз күнделікті өнімдерімізді үйден сатамыз. Тапсырыс көп. Адамдар бақша өнімдерін қуана-қуана сатып алады. Біз секілді ауыл тұрғындарына жасалып жатқан қолдау үшін мемлекетке үлкен алғысымды білдіремін. “Ауыл аманаты” – өзіңе және жерлестеріңе пайдасын тигізіп, сүйікті ісіңмен айналысуға мүмкіндік беретін жақсы жоба”, – дейді Болат Ахмадұлы.
Ақтөбе облысында “Ауыл аманаты” жобасы басталғаннан бері 16,3 млрд. теңге сомасына 2866 жоба қаржыландырылды. Бұл шамамен 3000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жобаның негізгі бағыттары: мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және шағын бизнес. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін бірқатар басқа көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз ету 5,6% – ға, көкөністермен 5,4% – ға, картоппен 4% – ға ұлғайды. Бұл ретте облыс халқының орташа табысы 11% – ға өсті, 1 620-дан астам жаңа кәсіпорын ашылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/995265?lang=kk
Жауап қалдыру