
Бүгін Ақмола облысының барлық жалпы білім беретін мектептерінде 11-сыныпты аяқтаған түлектер үшін «Білімім – Отаныма!» атты салтанатты шаралармен оқу жылы ресми түрде қорытындыланды.
Осыған орай, Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылында биыл пайдалануға берілген жаңа заманауи мектепте өткен мерекелік жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, мектеп бітірушілерге сәт сапар тіледі.
«Бүгін – сіздер үшін ерекше күн. Мектеппен қоштасып, үлкен өмірге алғашқы қадам басқалы тұрсыздар. Ел жастарына сапалы білім мен жан-жақты даму үшін барлық жағдай жасалып келеді. Міне, бұл жаңа мектеп – соның айқын айғағы. Еліміздің болашағы – білімді де саналы ұрпақтың қолында. Әрқайсыңыздың армандарыңыз орындалып, еліміздің жарқын келешегіне үлес қосасыздар деп сенемін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 9 жаңа мектеп іске қосылып, Целиноград ауданындағы мектептердегі орын тапшылығы 8 есеге, ал облыс орталығында 1,5 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Қабанбай батыр ауылындағы жаңа мектепте бүгінде мыңға жуық бала білім алып жатыр. Биыл оқу ордасын 35 оқушы тәмамдап отыр, олардың алтауы – «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.
Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Ақмола облысында 536 жалпы білім беретін мектепте 140 мыңға жуық оқушы білімін аяқтайды. Оның ішінде 13 890 оқушы – 9-сынып, ал 5953 оқушы – 11-сынып түлектері. Олардың ішінде 347 түлек «Алтын белгіге», тағы 402 оқушы үздік аттестатқа үмітті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1003400?lang=kk
Жауап қалдыру