
Бүгін облыстағы барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.
Олардың ішінде 10 481 түлек 11-сыныпты тәмамдайды. Кеше ғана мектеп партасында отырған жас түлектер енді өз болашағын айқындайтын маңызды таңдау алдында тұр.
9-сыныпты аяқтап жатқан 1 564 оқушы және 11-сыныптың 679 түлегі – үздік аттестатқа, сонымен қатар, 641 оқушы – «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.
Оқу жылының маңызды қорытындысына айналған «Білімім – Отаным үшін!» атты сынып сағатында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына ерекше көңіл бөлінді.
Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда өткен салтанатты іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысты. Ол оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.
«Құрметті түлектер! Қадірлі ата-аналар мен ұстаздар! Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір түлек үшін бүгінгі күн – ерекше. Бұл өмірдің маңызды бір кезеңінің аяқталуын білдіреді және жаңа, үміт пен мүмкіндіктерге толы болашаққа жол ашады. Мектепте алған білімдеріңіз жетістіктеріңіздің берік іргетасы болсын, ал өз күшіңізге деген сенім ең батыл армандарыңызды жүзеге асыруға сеп болсын!», – деді ол.
Гимназия директоры Маржанқұл Тойшыманова да жүрекжарды тілегін арнады. Оның сөзінше, әрбір түлек өздеріне сенімді болып, әрдайым алдарына қойған биік мақсаттар қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. Өйткені, елімізде әр жасқа жан-жақты жағдай жасалған.
Биыл аталған гимназияны 115 түлек аяқтап отыр. Олардың ішінде 2 оқушы – «Алтын белгіге», 7 оқушы – үздік аттестатқа үміткер.
Мектеппен қоштасуға арналған шараға ата-аналар, әжелер мен аталар да келіп, түлектерге сәт сапар тіледі.
«Он бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Есімде, баламды алғаш мектепке кішкентай ғана балапан күйінде шығарып салған едім. Бүгін оның орнына алдына мақсат қойған, өзіне сенімді жас жігітті көрудемін. Осы мектеп қабырғасында ол білім алып, достар тауып, өмірлік құндылықтарды меңгерді. Ұл-қыздарымыздың дамуына үлкен еңбек сіңірген әрбір ұстазға алғысым шексіз», – деп 11 «В» сынып оқушысы Жалғас Қажымұқанның анасы Жайнагүл Әбиева өз әсерімен бөлісті.
Салтанатты жиын 11-сынып түлектерінің вальсімен және облыстық білім басқармасының басшысының жылы лебіз жазылған естелік альбомымен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1003399?lang=kk
Жауап қалдыру