
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Абдусаметов Жақсылық Әбілқасымұлымен кездесті.
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, оларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін медициналық қызмет алуға жататын санаттар тізіміне енгізу мәселесі қозғалды. Сонымен қатар, медициналық сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар үшін уақытша сақтандыру механизмі пысықталды.
Құқықтық түсіндіру:
1. Қазіргі таңда кімдер тегін медициналық көмек ала алады?
Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген “Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алушылардың жекелеген санаттарының тізбесі” бар. Оған,
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жарналарын мемлекет төлейтін халықтың жеңілдетілген санаттарына келесі топтар жатады: балалар, зейнеткерлер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған әйелдер, мүгедектер, көпбалалы аналар (“алтын алқа”, “күміс алқа” иегерлері және балалары бар аналар), әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастар, мүгедек бала күтімімен айналысатын тұлғалар, студенттер (күндізгі бөлімде оқитындар), атаулы әлеуметтік көмек алушылар және т.б. жатады.
Жоғарыда аталған санаттар үшін жарналарды мемлекет төлейді, сондықтан олар МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді тегін ала алады.
2. Кімдерді қосу ұсынылады?
Кездесу аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын осы тізімге енгізу ұсынылды. Себебі мұндай жағдайға тап болған адамдар көбіне тұрақты табысы мен тіркелген әлеуметтік мәртебесі жоқ, бұл оларға сапалы және уақытылы медициналық көмекті алуына кедергі келтіреді. Мұндай категорияны заңнамада нақты көрсету оларға медициналық көмекке тосқауылсыз қол жеткізуге мүмкіндік береді.
3. Уақытша сақтандыру механизмі туралы
Қазіргі таңда азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жағдайда, ол жоспарлы медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайды. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың (мысалы, дағдарыс орталықтарында немесе әлеуметтік оңалту мекемелерінде тұратын тұлғалар) сақтандыру мәртебесі болмағанымен, олардың денсаулығы ерекше қорғауды қажет етеді. Осыған орай, кездесуде осындай азаматтарға қысқа мерзімге (мысалы, 3-6 айға) уақытша сақтандыру мәртебесін автоматты түрде беру механизмі қарастыру ұсынылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-kyzylorda-oblysy/press/news/details/1010056?lang=kk

Жауап қалдыру