
Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық туристік көрмесі аясында туризм саласын дамытуға арналған ауқымды конференциялық бағдарлама ұйымдастырылды. Жиында келу және шығу туризмі, қонақ үй бизнесі, іскерлік туризм (MICE), тақырыптық турлар, сондай-ақ цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу секілді туризмнің негізгі тақырыптары талқыланды.
27 мамырда ұлттық туристік әкімшіліктер, салалық қауымдастықтар мен жетекші туристік компаниялардың өкілдері қатысқан жабық форматтағы C-Talks дөңгелек үстелі өтті. Қазақстан атынан пікірталасқа Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарушы директоры Шырын Мусина қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Қытайдың шығу туризмін дамытуға әсер ететін өзекті үрдістер мен құрылымдық өзгерістерді талқылады. Негізгі назар тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге, жастар мен егде жастағы туристердің қызығушылығының артуына, сондай-ақ цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердің туристік таңдаулар мен бағыттарды қалыптастырудағы ықпалына аударылды.
Сонымен қатар конференцияда цифрландыру тақырыбына баса назар аударылды. Туристік өнімді жекелендіру, иммерсивті (әсерлі) контент жасау және туристік ағынды тиімді басқару мақсатында XR технологиялары мен жасанды интеллектті қолдану әлеуеті қарастырылды. Саладағы жетекші технологиялық компаниялар ұсыныстарын ортаға салды.
Сол күні өткен тағы бір маңызды сессия – «Жаңа өнімдер + жаңа топтық үлгілер + жаңа DMC = топтық туризмдегі жаңа трендтер» тақырыбына арналды. Қытайлық туроператорлар мен шетелдік ұйым өкілдері топтық туризмнің қазіргі тенденцияларын, турларды дараландыру қажеттілігін және нарықтағы жаңа қатысушылардың рөлін талқылады.
Іс-шаралар аяқталған соң қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бейресми әңгімелесу өткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism/press/news/details/1006951?lang=kk

Жауап қалдыру