Мараш Жағалбайқызы Ғиззатова санитариялық-эпидемиологиялық қызметте 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Омбы қаласындағы медициналық училищені санитарлық фельдшер мамандығы бойынша бітірген соң, еңбек жолын Көкшетау облысы Ленин ауданы, Талшық кентіндегі Ленинград аудандық СЭС-інде санитар дәрігердің көмекшісі болып бастаған.
Әр жылдары энтомолог дәрігердің көмекшісі, медбике, жетекші маман болып жұмыс істеген.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының СЭБД Ақжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, жоспарлау және қызметті талдау бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады.
Көп жылғы адал еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Комитет, Департамент және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Медицина қызметкерлері күні қарсаңында барша әріптестерімді және солтүстікқазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңырақта бейбітшілік пен амандық болсын, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып, еңбегіміз елене берсін», – дейді маман.
«Санитариялық қызмет – бұл күнделікті тынымсыз әрі жауапты еңбек. Біз үнемі көзге көріне бермейміз, бірақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы біздің жұмысымызға тікелей байланысты. Осы саланы өмірлік кәсібім еткеніме мақтанамын», – дейді Мараш Жағалбайқызы.
Жауап қалдыру