
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарыөзек ауылында 75 балаға арналған жаңа бөбекжай-балабақша – «Мирас» өз жұмысын бастады. Бұл игі бастама ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, бүлдіршіндер мен ата-аналарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ауыл халқына жылы лебізін білдіріп, балабақшаның маңыздылығын ерекше атап өтті. Жаңа нысан – болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі азамат болып өсуіне жасалған нақты қадам.
Мұнда тек тәрбие мен оқыту ғана емес, бүлдіршіндердің шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға да ерекше мән берілген. Музыка, дене шынықтыру және ойын бөлмелері толық жабдықталған.
Педагогтар құрамы – өз ісінің шеберлері, тәжірибелі және білікті мамандардан тұрады. Балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.Жалпы, қазіргі таңда аудан бойынша 12 балабақша жұмыс істейді. Оның 7-еуі мемлекеттік, ал 4-еуі жекеменшік балабақша болатын. Бүгінгі күні іске қосылған «Мирас» бөбекжайының ашылуымен жекеменшік балабақшалар саны 5-ке жетті.
Аудандағы 7 мемлекеттік балабақшада барлығы 953 бала тәрбиеленуде. Бұған дейінгі 4 жекеменшік балабақшада 301 бала тәрбиеленсе, енді бұл көрсеткіш жаңадан ашылған 75 орынды «Мирас» балабақшасымен бірге 376 балаға жетіп отыр.
Бұл әлеуметтік маңызы зор нысанды іске қосқан кәсіпкер – Чембеков Сәбит Шәмілұлы. Ол ауыл балалары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта жасап, заманауи талаптарға сай балабақша ашу арқылы халықтың зор ризашылығына ие болуда.
Жаңа балабақшаның ашылуы – аудандағы білім беру саласының дамуына қосылған үлкен үлес. Бұл игі іс Сарыөзек ауылы бүлдіршіндерінің жарқын болашағына жол ашары сөзсіз.
Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бисембекова Раушан

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-kerbulak-saryozek/press/news/details/1011824?lang=kk
Жауап қалдыру