Мойынқұм – ардақты азаматтарын ардақтаған өлке

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 12 маусымда Мойынқұм аудандық орталық кітапханасының коворкинг орталығында «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған іс-шара – ауданның 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

Тұсаукесердің шымылдығы “Жері байдың – елі бай” деген аталы сөзбен ашылды. Тарих пен тағылымға толы Мойынқұм – кешегі Керей мен Жәнібек хандар ту тіккен, Жамбыл Жабаев дүниеге келген, Шәмші Қалдаяқов ән арнаған қасиетті мекен. Бұл өлке — Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев пен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтей тұлғалардың елі.

Шара барысында кітаптың авторы әрі жинақтаушысы – қоғам белсендісі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы Сабыров Мұханбетқұл Сабырұлының еңбегі ерекше аталып өтті. Ол Мойынқұм тарихының терең қабаттарын зерттеп, ел есінде қалған тұлғаларды түгендеуге ерекше еңбек сіңіріп келеді.

Мұханбетқұл ағамыздың бастамасымен бұған дейін Мойынқұмдық майдангерлер туралы кітап жарық көрсе, бұл жолы ол ауданның абыройын асқақтатқан құрметті азаматтар жайлы альбом-кітапты ел назарына ұсынды. Жинақ – жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар туралы сыр шертіп, тарихи жадты жаңғыртуда маңызы зор еңбек.

Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев пен басқа да қадірлі меймандар жүрекжарды тілектерін білдірді. Сондай-ақ, Биназар ауылының тұрғыны, ауданның құрметті азаматы Айман Зенәділова да сөз алып, өзі жазған «Биназар ауылының тарихы» кітабы жайлы бөлісті.

Тұсаукесер соңында Мұханбетқұл Сабырұлына арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды.

Бұл шара – өткенге тағзым, ерге құрмет, болашаққа бағдар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1016128?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді