
Шахтинск қаласында «Мен полиция боламын» атты сурет байқауы өтті
13 маусымда Шахтинск қалалық полиция бөлімінде Полиция департаментінің ұйымдастыруымен ерекше жылулыққа толы шара өтті. «Мен полиция боламын» және «Менің ата-анам – полиция қызметкері» тақырыптарында ұйымдастырылған сурет байқауы полиция қызметкерлерінің балалары арасында өткізілді. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында құқық қорғау қызметіне деген құрметті арттыру, ата-аналарының кәсібіне мақтанышпен қарауға баулу және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болды. Байқау барысында бүлдіршіндер өз қиялдарын қағаз бетіне түсіріп, полиция қызметінің маңыздылығын бала көзімен бейнеледі. Сурет салуға екі сағат уақыт берілді. Осы қысқа уақыт ішінде балалардың қиялынан туған суреттер нағыз шығармашылыққа толы көрініске айналды. Шара соңында барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Әр бала өз суреті арқылы ата-анасының қызметіне деген мақтаныш сезімін жеткізе білді. Осындай игі бастамалар арқылы балалар мен ата-аналар арасындағы рухани байланысты нығайтып, қоғамда полиция қызметінің абыройын көтеруге бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1017206?lang=kk
Жауап қалдыру