
Көкшетау қаласындағы әскери бөлімде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аумақтық қорғаныс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әскери бөлімнің жеке құрамын кәсіби мерекемен құттықтап, аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің ел тұрақтылығы мен төтенше жағдайларға ден қою ісіндегі маңызды рөлін атап өтті.
«Аумақтық қорғаныс – бейбіт кезеңдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін сенімді қалқан. Сіздердің ұйымшыл әрекеттеріңіз, батылдықтарыңыз бен тәртіпке беріктіктеріңіз жоғары бағалауға лайық. Қиын жағдайларда алғашқы болып көмекке келіп, антыңызға адалдық пен үлкен жауапкершілік танытып келесіздер», – деді облыс әкімі.
Іс-шара аясында арнайы техниканың кілттері салтанатты түрде табысталды. Облыс әкімі бөлімше командирлеріне «КамАЗ» маркалы төрт автокөлік пен бір санитарлық көліктің кілтін табыстады.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Қорғаныс министрлігі Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы Асқар Жоламанов сөз сөйлеп, Қорғаныс министрінің атынан облыс әкіміне аумақтық қорғаныс күштерін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1017627?lang=kk
Жауап қалдыру