Ұлттық ұлан офицерлерінің қатары 200-ге жуық түлекпен толықты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Петропавл қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясы түлектерінің 25-ші легіне салтанатты түрде диплом табысталды. Биыл әскери жоғары оқу орнын 200-ге жас офицер тәмамдады. Олардың қатарында үкіметаралық келісімдер аясында білім алған Тәжікстан Республикасының төрт азаматы да бар.

Салтанатты рәсімге Ұлттық ұланның басшылық құрамы, оқытушылар, қонақтар мен түлектердің ата-аналары қатысты.

Өз сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жас офицерлерге кәсіби біліммен қатар, антына адал болу, ерлік пен табандылық таныту – қызмет жолындағы басты талаптардың бірі екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда Ұлттық ұланға үлкен міндет, орасан зор жауапкершілік артылып отыр. Осы орайда, сіздер қиын да күрделі әскери қызметті адал әрі жауапкершілікпен атқаруға дайын болуларыңыз қажет. Әрбір ұландық – елдің тірегі, халықтың қорғаны! Сондықтан батыл әрі абыройлы болыңдар, әскери антқа адал болыңдар! – деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Айта кетейік, оқу үлгерімімен ерекшеленген түлектер – Диас Беделбай, Әділет Шалқарұлы, Азамат Зұлқарнаев, Думан Айткенов және Әмір Төлеуханов офицерлік шендерін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ҚР Президенті – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың қолынан алды.

Ұлттық ұланның Академиясы – еліміздегі іргелі әскери оқу орындарының бірі. Мұнда күштік құрылымдарға қажетті кәсіби мамандар оқытылады. Білім беру үдерісі 8 мамандық бойынша 10 кафедра негізінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Академияда Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдардың офицерлері мен келісімшарт қызметкерлеріне арналған қайта даярлау және біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді.

Биыл мемлекеттік аттестациялық комиссияның шешімімен 12 әскери қызметшіге магистр дәрежесі берілді. Олар алған білімдерін құқықтық тәртіп әскерлерінің басқару және ғылыми-талдау бағытында тиімді пайдаланады.

Шығарылым рәсімінің салтанатты бөлігі әсерлі офицерлік вальспен түйінделді. Одан кейін қонақтар Академияның дәстүріне сай тағы бір ерекше оқиғаның куәсі болды. Жас лейтенант Ақниет Дүйсен сап алаңында сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады. Бұл романтикалық қадам барша қатысушылардың ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болды.

Академия құрылған күннен бастап бүгінге дейін 4 мыңнан астам кәсіби офицер дайындап, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосуда.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1017673?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді