Шығыс Қазақстан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүйелі жүзеге асып жатыр.
Бүгінде жоспарланған 36 медициналық нысанның 35-нің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 34 дәрігерлік пункт пайдалануға беріліп, 27 нысан Денсаулық сақтау басқармасының есебіне өтті. Айта кетерлігі, жаңадан бой көтерген мекемелердің 16-сы лицензия алып, азаматтарды қабылдауды бастады.
Дегенмен, құрылысы аяқталмаған нысандар да бар.
Мәселен, Түркістан облысының «Construction Group Samruk» мердігер компаниясы Волчанка, Тұрғысын ауылында және өңірдің бірқатар елді мекендерінде нысандар салуға мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтып алған. Алайда, өз міндеттерін орындаудың орнына, құрылыс мерзімдерін кешіктіріп, сапасыз жұмыс жасағаны тіркелді. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов атап өткендей, Астанада орналасқан компанияның кеңсесі шағымдарға жауап бермейді, тіпті мүлдем байланысқа шықпайды. Сондықтан жосықсыз мердігерді жауапқа тарту үшін сотқа тиісті құжаттар дайындалуда. Бұл «Construction Group Samruk» компаниясынмен болған өңірдегі алғашқы жағдайы емес, олар бұрын спорт нысандарын салу кезінде міндеттемелерді орындамаған.
Жауапты органдардың араласуынан кейін Волчанка және Тұрғысын ауылындағы құрылыс қайта жанданды: қосалқы мердігер тартылды, ішкі әрлеу, жабдықтарды орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Басқарманың мәліметінше, Волчанка ауылындағы құны 419,4 млн теңге болатын жобаның 290 млн теңгесі игерілді. Нысанды толық аяқтау үшін тағы 127,8 млн теңге қажет. Ұлттық жоба аясында салынып жатқан 2 мекеме осы жылдың қыркүйек айында тапсырылады деп күтілуде.
«Маңызды әлеуметтік нысандарды сақалды құрылысқа айналдыратын компанияларды жауапқа тарту қажет. Ауыл халқы үшін аса қажет медициналық нысандардың құрылысы кешіктірілмеу керек. Бұл үшін қала, аудан әкімдері тікелей жауапты. Өз міндеттемелерін орындай алмайтын компаниялардың мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңіп алу тәжірибесін жою қажет. Өйткені, бұл тұрғындардың сенімін жоғалтып қана қоймай, өңірдегі инфрақұрылымның дамуына кедергі келтіреді», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Қазір Майемер, Барлық, Тройницкое ауылындағы медициналық пункттерінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстар жүргізіліп, құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі және әр нысанға жауапты мамандар бекітілген.