
Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы толық цифрландырылған
Жамбыл облысында 392 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс істейді. Олардың қатарында 28 аурухана, 12 қалалық және 10 орталық аудандық емхана, 5 ауылдық емхана, 121 дәрігерлік амбулатория, 56 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 148 медициналық пункт, 1 санаторий, 3 оңалту орталығы, 13 перзентхана және 6 өзге де медициналық ұйым бар. Бұдан бөлек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 15 жекеменшік мекеме халыққа қызмет көрсетеді.
Аймақтағы барлық медициналық ұйымдар 100% интернет желісіне қосылған.
Қазіргі таңда өңірдің денсаулық сақтау мекемелерінде үш негізгі медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) қолданылады:
* «Инфо-Донор» – қан орталығының ақпараттық жүйесі,
* «Көмек» – жедел медициналық жәрдем қызметін басқару жүйесі,
* КМИС «Damumed» – бұл жүйе барлық мемлекеттік стационарларды және ПМСП ұйымдарын (мемлекеттік және жекеменшік) толық қамтиды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен E-Health платформасының базалық сервистері енгізілді. Бұл бағытта «Цифрлық даму және ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС КМИС «Damumed» жүйесін біріктіріп, мүгедектік пен әлеуметтік қорғау шараларын тағайындау қызметін (031/е нысаны) пилоттық режимде іске қосты. Сонымен қатар, электронды анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын енгізу жұмыстары жалғасуда.
Бүгінде елімізде Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе қалыптастырылып жатыр. Бұл жүйе министрлік ақпараттық жүйелерімен интеграциялануда және медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін азайту мақсатында функционалдық мүмкіндіктері жетілдіріліп келеді.
2024 жылғы 22 қарашадан бастап медициналық ақпараттық жүйелер «Жүкті әйелдер мен ұрпақты болу жасындағы әйелдердің тіркелімі» және «Дәрілік қамтамасыз ету» жүйелерімен біріктірілді. Алдағы уақытта стационарлық, диспансерлік және онкологиялық науқастардың электронды тіркелімдерімен де интеграция жасау жоспарланған. Интеграция толық аяқталған соң, барлық есеп-қисап тек МАЖ арқылы жүргізіледі.
Тұрғындар үшін eGov mobile қосымшасындағы e-Densaulyq бөлімінде жеке медициналық мәліметтер қолжетімді: дәрігерге қаралу тарихы, екпе егу, рецепттер, зертханалық талдаулар және басқа да деректер. Сол жерде азаматтар көрсетілген медициналық қызметті растауға немесе бұзушылықтар (мысалы, жалған тіркеу не дәріні негізсіз беру) туралы шағым түсіруге мүмкіндік алады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық есеп беру құжаттары тек медициналық ақпараттық жүйелер арқылы электронды түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында eGov mobile мен Damumed қосымшалары арқылы дәрігер қабылдауына онлайн жазылуға болады. Бұл функция барлық бас дәрігерлер үшін міндетті болып табылады және мамандар кестесі бекітілген тәртіппен енгізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1040711?lang=kk

Жауап қалдыру