
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176 «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына (әрі қарай – Заң) сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық адвокаттар мен заң консультанттары шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Заңның 36 және 77 баптарының талаптарына сәйкес, адвокат немесе заң консультанты кәсіптік жауапкершiлiгiн сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.
Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсетуі кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі адвокаттың немесе заң кеңесшісінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
Кәсіптік қателіктер деп мыналар:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс рәсімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға өзіне зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдары туралы хабарламау;
4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету (заң кеңесшілері үшін – 5) сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсету процесінде өзіне мәлім болған мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария етуі) түсініледі.
Егер шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға келтірілген зиян сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) кәсіптік міндеттерді абайсыз бұзуының салдары болып табылса, сақтандыру жағдайы басталған болып есептеледі.
Адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру – азаматтардың білікті заң көмегін алу сапасын жақсартуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-zhmb/press/news/details/1040710?lang=kk

Жауап қалдыру