
Ақмола облысы экономикалық өсім қарқынын сенімді түрде арттырып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірде барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110 пайыздан асты. Әсіресе өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларында айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдік отырысында мәлім етілді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың мәліметінше, облыстың жалпы өңірлік өнімінің жартысына жуығын индустриялық және аграрлық сектор қалыптастырады.
Өнеркәсіп саласында биылғы бірінші жартыжылдықта 1 трлн 200 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 2 пайызға жуық өсім көрсетіп, жалпы көлемнің 80 пайыздан астамын құрады. Өнеркәсіп бойынша көш басында Көкшетау қаласы мен Бурабай, Атбасар, Жақсы, Зеренді және Бұланды аудандары тұр.
Ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты даму үрдісін көрсетуде. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 4,1 пайызды құрады. Жылдық жоспар 106,4 пайыз деңгейінде орындалып, шамамен 1 трлн 40 млрд теңгені құрады. Негізгі басымдық егін шаруашылығына, оның ішінде астық өнімділігіне берілуде. Қолайлы ауа райы мен климаттық жағдай сақталған жағдайда 6,9–7 млн тонна көлемінде астық жинау көзделіп отыр.
Мал шаруашылығында да оң динамика бар. Алты ай ішінде өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрады, 2024 жылы бұл көрсеткіш 100,8% болған.
Өңірде инвестиция тарту бағытында да оң серпін байқалады. Инвестиция тарту бойынша Көкшетау қаласы мен Аршалы ауданы көш бастап тұр. Әсіресе, шетелдік инвестиция көлемінің айтарлықтай артқанын атап өткен жөн, 31 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе жоғары. Мемлекеттік инвестициялар көлемі бірінші жартыжылдықта 102 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 100 млрд теңге игеру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жыл соңына дейін қосымша 800 млрд теңге жеке инвестиция тарту жөнінде нақты міндет қойды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Татьяна Белая өңір бюджетінің орындалу қорытындылары туралы баяндады.
Оның мәліметінше, есепті кезеңде кірістердің өсімі 106,9 пайызды құрап, бұл облыс бюджетінің тиімді және тұрақты орындалуын көрсетеді.
Кеңес қорытындысы бойынша салықтық және салықтан тыс әкімшілендіруді күшейту, мемлекеттік сатып алуларды уақтылы ұйымдастыру және бюджет міндеттемелерін тиімді орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1043196?lang=kk
Жауап қалдыру