
Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Алдабергенов ауылында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылуды. Бұл – өңірде ашылған осындай жетінші орталық, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға сүйеу болуға бағытталған. Мұнда отбасылық жанжалдарды шешуге жәрдем көрсетіліп, тұрғындар білікті мамандардан көмек ала алады.
Бұл орталыққа тек Алдабергенов ауылының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың халқы да жүгіне алады. Оларға заңгердің, кейс-менеджердің, психологтың және әлеуметтік қызметкерлердің қызметтері тегін ұсынылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсетіледі. Осы уақыт ішінде олардың құжаттарын рәсімдеу, ақпараттық, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету, жұмысқа орналасу, кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары атқарылады.
Мұнда кеңес беруден бастап нақты көмек көрсетуге дейінгі барлық жағдай қарастырылған. «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мақсаты – мемлекеттік отбасылық саясаттың, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу бағытындағы шараларды іске асыру.
– Жыл соңына дейін осындай орталықтарды Ақсу және Көксу аудандарында ашамыз. Сонымен қатар келесі жылы мұнда арнайы көлік бөлінеді. Мобильді топтар тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі бар отбасыларға мониторинг жүргізетін болады. Осындай орталықтардың бар екеніне әлі күнге дейін білмейтін адамдар да бар болғандықтан, біз сондай елді мекендердегі тұрғындарды, жалпы мүмкіндігінше көп адамды қамтуға тиіспіз, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
– Бүгін осындай орталық ауылымызда ашылып отыр. Еліміздегі отбасылардың іргесі берік болып, ешкім зорлық-зомбылыққа ұшырамаса екен дейміз. Әрине, мұндай орталықтарға жүгінетін жандардың азайғанын қалаймыз. Бірақ қандай да бір күтпеген жағдай туындаса, адамдар қайда жүгіну керектігін осындай орталықтардың арқасында білетін болады. Елімізге, әрбір шаңыраққа тыныштық, амандық, береке-бірлік тілеймін, – дейді ауыл тұрғыны Рахима Қошқарбаева.
Атап өтсек, 2023 жылдан бастап облыс аудандарында осындай жеті орталық ашылған. Биылғы жылдың басынан бері облыс бойынша 150-ге жуық отбасы немесе 390 адам жергілікті деңгейдегі отбасын қолдау орталықтарының қызметін пайдаланды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-eskeldy-aldarbergenov/press/news/details/1043927?lang=kk
Жауап қалдыру