
Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, қолданыстағы Салық кодексіне әлеуметтік осал санаттарға жататын және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған БЖЗҚ алушылары мен салымшыларының мүдделерін қорғайтын өзгерістер енгізілді.
Қандай өзгерістер енгізілді?
Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде салық салынатын табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы. Олардың көпшілігі тұрғын үйге және (немесе) емделуге БЗТ алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) бірден төлеген. Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай тұлғалардың БЗТ түріндегі салық салынатын табысына стандартты салық шегерімдері (882 АЕК[1] шегінде) қолданылады. Бұл осы санатқа жататын алушылар БЗТ алған күннен бастап үш жыл ішінде ЖТС қайта есептеу мен өтеуді қолдану үшін БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгіне алатынын білдіреді. Алайда, БЗТ-ны 2021-2022 жылдары алған адамдар әртүрлі себептермен бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Енді ҚР Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулардың қабылдануына байланысты 2025 жылғы 15 шілдеден бастап жеке тұлғалардың осындай өтініштері үшін белгіленген талап қою мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды.
ЖТС қайтару құқығын кім пайдалана алады?
ЖТС қайтаруға құқығы бар жеке тұлғалардың тізбесі қолданыстағы Салық кодексінде айқындалған. Бұл бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының бірі, бала асырап алушылардың бірі, жетім балалардың асырап алушы ата-аналары, соғыс ардагерлері және басқа санаттар. Мұндай азаматтардың толық тізбесі Салық кодексінің 346-бабында көрсетілген.
Қайда жүгіну керек?
БЗТ бойынша салық салынатын табысты айқындау кезінде стандартты салық шегерімдері қолданылмаған зейнетақы төлемдерін алушылар, оларды қолдану құқығы болған жағдайда, кірістерді қайта есептеу және ЖТС өтеу үшін стандартты салық шегерімдерін қолдануға өтінішпен және растайтын құжаттармен БЖЗҚ-ның жақын жердегі филиалына шұғыл түрде жүгінуі қажет.
Стандартты салық шегерімі қолданылғаннан кейін, бұған дейін ЖТС ұсталған болса, ол алушының жеке зейнетақы шотына қайтарылады. Егер ЖТС төлеу кейінге қалдырылған болса, онда ай сайынғы зейнетақы төлемдерін алған кезде оны төлеуге қатысты міндеттеме алынып тасталады.
Аталған өзгерістер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) қолданыста болады, өйткені 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енеді.
Анықтама үшін. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері ҚР Салық кодексіне сәйкес 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынатын кіріске жатады. ЖТС міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері бойынша жиынтық түрде ұсталады. Осы Ережелер тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЖТ) де қатысты.
Біржолғы зейнетақы төлемі (БЖТ) – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында салымшы (зейнетақы төлемдерін алушы) БЖЗҚ-дан алатын міндетті зейнетақы жарналары есебінен (ал 01.07.2023ж. дейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен де) қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы.
Естеріңізге сала кетейік, ЖТС-ны ұстаудың екі әдісі бар: ЖТС алған кезде бірден және зейнетақы алғанға дейін кейінге қалдырумен. Заңнамаға сәйкес ЖТС есептейтін салық агенті – БЖЗҚ, ол салықты жеке тұлғаның таңдауына қарай екі жолмен ұстай алады:
o БЗТ сомасының 10% төлемді жүзеге асыру кезінде бірден ұсталады.
o барлық пайдаланылатын зейнетақы жинақтарының 10%-ы алушы зейнеткерлікке шыққаннан кейін ұсталады. Бұл ретте салық сомасы тең бөліктерге бөлінеді және он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде алушының ай сайынғы зейнетақы төлемдерінен шегеріледі.
ЖТС-ты қалай ұстау керектігін уәкілетті операторға өтініш берген кезде БЗТ алушы ғана шешеді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
[1] Айлық есептік көрсеткіш
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kokpekti/press/news/details/1045909?lang=kk
Жауап қалдыру