
Әрбір ата-ана өз баласын ауырсыну, қорқыныш пен аурудан қорғауға тырысады. Мұны істеудің ең сенімді жолдарының бірі – вакцина салдыру. Вакцинаның арқасында адамзат өлімге әкелетін ауруларды айтарлықтай азайтып, кей жағдайларда мүлде жойып жіберді.
Вакцинация ауру жұқтыру қаупін азайтумен ғана шектелмейді – ол иммундық жүйені инфекциямен күресуге алдын ала «үйретеді», яғни баланың ағзасын аурудың өзімен ауыртпай-ақ қорғауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе баланың иммундық жүйесі әлі толық қалыптаспаған ерте жаста өте маңызды. Вакцина мықты иммунитет қалыптастыруға көмектеседі, ал ол көп жағдайда ұзақ жылдарға дейін сақталады.
Вакцинацияның кең таралуы жұқпалы аурулардың азаюына әсер етеді – инфекциялар шегінеді. Алайда егер вакцина алған адамдардың саны азайса, аурулар қайтадан пайда болып, кейде қауіпті өршулерге алып келуі мүмкін.
Қазіргі таңда вакцина туралы әңгіме жиі алаңдаушылық туғызады – әсіресе интернетте жалған немесе қорқынышты ақпаратпен жиі ұшырасуға болатынына байланысты.
Ата-аналар вакцинаның зиян келтірмейтіндігіне, жанама әсерлердің болу мүмкіндігіне алаңдайды. Бұл күмән-күдіктер түсінікті. Алайда мынаны білу маңызды: қазіргі заманауи вакциналар қауіпсіздік пен тиімділік тұрғысынан бірнеше кезеңнен тұратын тексерістен өтеді, және олардың қолданылуы ғылыми дәлелдермен әрі дүниежүзілік тәжірибемен қолдау табады.
Баланы вакцинациялау шешімі – тек оның денсаулығына деген қамқорлық емес, сонымен қатар қоғамның игілігіне қосқан үлес. Вакцина алған балалар тек өзін ғана емес, балабақшада, мектепте, ойын алаңында айналасындағы балаларды да қорғайды. Коллективтік иммунитет деңгейі неғұрлым жоғары болса, инфекцияның таралу ықтималдығы соғұрлым азаяды.
Біздің елімізде алдын алу екпелерінің ресми күнтізбесі бар – бұл әртүрлі инфекцияларға қарсы вакцинацияның оңтайлы мерзімдері көрсетілген жүйе. Ол баланың жасы, физиологиялық ерекшеліктері мен эпидемиологиялық жағдай ескеріліп жасалған. Вакцинация кестесін сақтау өте маңызды, себебі кейбір жұқпалы аурулар әсіресе нәрестелер мен кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Вакцинаны кешіктіру қорғаныш тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Бала денсаулығына қамқор бола отырып, ата-аналар көптеген маңызды шешімдер қабылдайды. Сол шешімдердің ішіндегі ең маңыздысы – вакцинация.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1045661?lang=kk
Жауап қалдыру