
2025 жылғы 24 маусымдағы №196-VIII Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау, электроэнергетика және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру аясында «Жекелеген мұнай өнімдерін өндіру және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.
Қабылданған түзетулерге сәйкес, мұнай өнімдерімен Бірыңғай оператор арқылы қамтамасыз етілетін арнайы контрагенттер тізімі кеңейтілді. Бұл тізімге қосымша ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиациялық қызметі мен Шекара академиясы, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы енгізілді. Сонымен қатар, авиациялық отынмен қамтамасыз ету, оны сақтау және жеткізу функциялары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына да қолданылатын болып белгіленді.
Күштік және арнайы мемлекеттік органдарды мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі Бірыңғай оператор ретінде «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (КМГ-Аэро) айқындалды. Бұл — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 2014 жылы құрылған мамандандырылған еншілес компаниясы. Компания Қазақстан Республикасының әуежайларында ұлттық және шетелдік әуе кемелерін «қанат астында» жанармаймен қамтамасыз етеді, сондай-ақ ҚазМұнайГаз ресурстарынан келіп түсетін авиаотын көлемдерін басқарады.
Сонымен қатар, КМГ-Аэро компаниясының 5 жылдық даму жоспары бойынша бекітілген Жол картасын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен «КМГ-Аэро» ЖШС-не рұқсат етілген қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) тізбесіне өзгерістер енгізілді. Осылайша, 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін компанияға авиаотынды көтерме және бөлшек саудада сату құқығы берілді. Бұл шешім Энергетика министрлігі, бәсекелестікті қорғау органы, Көлік министрлігі және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қоса алғанда, тиісті мемлекеттік органдармен келісілді.
Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі «КМГ-Аэро» сияқты арнайы құқық субъектілеріне инвестициялық міндеттемелерді орындау мақсатында үшінші тұлғаларға тауарларды сатуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер әзірлеп, оларды келісімге ұсынды. Бұл түзетулер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне белгіленген тәртіппен қарауға жолданды.
ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін өндіру саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жұмыстар стратегиялық маңызды мемлекеттік құрылымдардың қажеттіліктері мен отын саласын дамытудағы басым бағыттарды ескере отырып жүзеге асырылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1045992?lang=kk
Жауап қалдыру