Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында ашылатын алты жаңа мектептің төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысында биыл 1-ші сыныпқа 19 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Құжаттар 31 тамызға дейін қабылданады.
Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында алты жаңа мектеп ашылады. Оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында және екеуі жекеменшік. Бұдан бөлек, 14520 орындық 31 білім беру мекемесінің, оның ішінде 4 балабақша, 26 мектеп пен 1 қосымша білім беретін мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жеке инвестордың қаражатына мың орындық бір мектеп салынуда. Барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп, олардың сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда.
Осы жылы 4, 7, 8, 10 және 11-шы сыныптар үшін жаңартылған мазмұндағы оқулықтар енгізілуде, оларды сатып алуға 1,68 миллиард теңге бөлінді. 13 баспамен 135 келісімшарт жасалған. Кітаптар 25 тамызға дейін жеткізілетін болады.
17 білім беру нысанында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына 5,36 млрд теңге бөлінген. 11 мектеп, 5 балабақша, 2 колледж және 1 қосымша білім беру мекемесі ретке келтірілуде. Мердігер ұйымдар жұмысты 20 тамызға дейін аяқтаулары тиіс. Тек Ембі қаласындағы №4 мектеп салынып біткенше оқушылар қаладағы басқа мектептерде уақытша оқи тұрады.
Мектептерді жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда мектептерді пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету 71 пайыздан 80 пайызға артқан. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында 9 колледж 898,9 мың теңге көлемінде қолдау алады. Сонымен қатар, ERG компаниясы Хромтау ауданындағы мектепті жабдықтауға 200 миллион теңге бөліп отыр.
Оқушылардың қауіпсіздігі бірінші кезекте болып қала береді. Бұл мақсатқа екі жыл ішінде бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген. 152 мектепте «Әлеуметтік әмиян» платформасымен біріктірілген «Алақан» жүйелері орнатылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру жұмыстары да жүргізілуде.
Жылыту маусымына дайындық аясында ауыл мектептері қатты және сұйық отынмен қамтамасыз етілуде. Оларды сатып алуға 807,6 млн теңге бөлініп, ендігі жеткізіліп жатыр.

Мәселе басқарманың бақылауында. Қазандық жабдықтары да тексерілуде: 58 нысан ауыстыруды қажет етсе, 68-ін қосымша комплектациялау қажет. 220 миллион теңгеге бюджеттік өтінім беріліп қойды.
Бұған дейін жаңа оқу жылына дайындық мәселелеріне арналған жиында облыс әкімі Асхат Шахаров барлық құрылыс-жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауды күшейтуді тапсырып, оқу жылының уақытында басталуы керек екенін қадап айтқан болатын. Ол атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, инженерлік инфрақұрылымның дайындығына, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мен оқулықтардың уақытылы жеткізілуіне баса назар аударды.
“1 қыркүйекке дейін жұмыс жүріп жатқан әрбір мектеп, әрбір балабақша мен колледж балаларды қабылдауға толық дайын болуы тиіс. Бұл біздің балалар мен ата-аналардың және қоғамның алдындағы ортақ жауапкершілігіміз”, – деді өңір басшысы.

 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/1046469?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді