
Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында 150 орындық музыка мектебінің құрылысы басталды. Бұған дейін мәдени бағытта арнайы білім беру мекемесі болмаған ауыл үшін бұл — көптен күткен маңызды әлеуметтік жоба, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа мектеп балалардың шығармашылығын шыңдап, музыка саласына кәсіби бағытта білім алуына жол ашады. Еркінқалалық өрендер енді өз ауылында өнермен айналысып, болашағын осы саламен байланыстыра алады.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 2500 шаршы метрді құрайды, оның 1500 шаршы метрден астамы – оқу кабинеттері мен қызметтік бөлмелер сияқты тікелей пайдалануға арналған аумақ. Құрылыстың жалпы көлемі 12 мың текше метрден асса, құрылыс алаңы 1000 шаршы метрге жуықтайды.
Биыл ақпанда басталған құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жобаның тапсырысшысы – Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бас мердігер – «Еламан Ойл» ЖШС.
– Музыка мектебінің құрылысы – Еркінқала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Бұл — балаларға өнерге жақындауға мүмкіндік беретін алғашқы қадам. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сай жүргізілуде. Сонымен қатар нысанның сыртқы келбеті заман талабына сай жаңғыртылып, жаңа сәулеттік стильге бейімделді. Біз бұл мектепті ауылдың ажарын ашатын заманауи әрі ыңғайлы білім ордасы ретінде ел игілігіне беруді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы Нұрберген Құсайынов.
Айта кетейік, бұл музыка мектебі Еркінқалада алғаш рет бой көтеріп отыр. Жаңа нысан ауылдың мәдени тынысын жаңартып, болашақ музыканттардың алғашқы қадамына айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1047312?lang=kk
Жауап қалдыру