
Қостанай. Таңғы сағат 03:00. Қала тыныш. Тұрғындардың көбі үйлерінде қалың ұйқыда. Ал дәл осы уақытта көшелерде мүлде басқа — полицейлік өмір қайнап жатыр. Түн — құқық қорғау органдары үшін босаңситын уақыт емес, керісінше, бақылау мен әрекет етудің күшейтілген кезеңі. Себебі ең күтпеген және алаңдатарлық жағдайлар түнде жиі орын алады, әрі олар шұғыл араласуды талап етеді.
– Түн – тек жастардың ғана емес, құқық бұзушылардың да белсенділігі артатын уақыт. Сондықтан біз үшін бұл — ең қарбалас шақ, – дейді патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Еркен Омаров.
Бір айда 8 мыңнан астам қоңырау: қаланың түнгі өмірі
Тек шілде айында Қостанай қаласының полициясына шамамен 8 мың түрлі сипаттағы хабарлама келіп түскен. Қоңыраулардың көпшілігі кешкі 21:00 мен таңғы 03:00 аралығында тіркелуде. Азаматтар көбінесе:
– аулада және кіреберістерде шулаған топтар,
– отбасылық жанжалдар,
– қоғамдық тәртіпті бұзу,
– ойын-сауық орындары маңындағы төбелестер туралы хабарлайды.
Әрбір қоңырау — жай ғана хабар емес, нақты барып, жағдайды тексеруге себеп.
Жол қауіпсіздігі: патрульдер барлық жерде
Күн сайын қызметке автопатрульдер де, жаяу патрульдер де шығады. Олардың міндеті — тек шақыруларға жауап беру ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалау. Тәулігіне орта есеппен 230 жол ережесін бұзу дерегі анықталады. Соның ішінде 2–4 жағдай — мас күйінде көлік жүргізу. Сонымен қатар, полицейлер жүргізушілердің суық қару, пышақ, таяқ және басқа да қауіпті заттарды алып жүруін де тексереді.
Мас адамдар мен «қауіпті» орындар
Кешкі және түнгі уақытта көшелерде мас күйдегі адамдар ерекше көзге түседі. Олардың саны – ондаған. Еркен Омаровтың айтуынша, тәулігіне 50-ге дейін адам медициналық айықтырғыштарға немесе профилактикалық әңгімелесуге жеткізіледі.
– Біз ауыр салдарға жеткізбеуге тырысамыз. Егер адам жай ғана «артық ішіп қойса», оны уақытша оқшаулаймыз. Ал егер агрессивті болса — жауапкершілік те соған сай болады, – деп түсіндірді ол.
Бақылау аймағының жеке бағыты — ойын-сауық орындары мен олардың маңайы. Дәл осы жерлерде, әсіресе демалыс және мереке күндері, келушілер арасында қақтығыстар жиі болады. Мұндай күндері Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтары күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Түн – балалар үшін емес
Ең алаңдатарлық жағдай — түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың көшеде ересектерсіз жүруі. Қалалық ювеналды полиция бөлімінің бастығы Эльмира Байтасованың мәліметінше, жыл басынан бері түнде көшеде 906 жасөспірім, ал 96 жас бала – оларға кіруге тыйым салынған ойын-сауық мекемелерінде ұсталған. Бұл балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Түн сайын полиция бөлімшесіне 5–7 бала жеткізіледі, олар ересектердің қарауынсыз жүрген.
– Көптеген ата-ана түнде баланың көшеде болуға болмайтынын білмейді. Ал дәл осы уақытта олар түрлі қауіпке тап болуы мүмкін — қылмыскерлерден бастап, өздерінің ойланбай жасаған әрекеттеріне дейін, – деп атап өтті Байтасова.
#білгеніңізабзал
Баланың заңды өкілдері — тек ата-анасы, қорғаншысы немесе нотариалды сенімхатпен расталған тұлғалар болып есептеледі.
Есепте тұрғандар бақылауда
Полиция сондай-ақ «профилактикалық бақылаудағы контингентке» — яғни бұрын құқық бұзушылық жасаған немесе түрмеден босап шыққан азаматтарға бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 6763 осындай азаматпен жұмыс жүргізген. Олардың кейбіріне белгілі бір шектеулер қойылған:
– біреулерге сағат 22:00-ден кейін үйден шығуға тыйым салынған,
– ал біреулерге – барлар мен клубтарға баруға болмайды.
– Біз тек қадағалап қана қоймай, қайталап құқық бұзу фактісінің алдын аламыз. Егер отбасында бала болса — ювеналды полиция да бұл іске араласады, – дейді жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Динара Салькинова.
Қорытынды: түн – бұл жауапкершілік
Полицияның түнгі ауысымы — тыныштықтағы кезекшілік емес, ондаған ұсақ-түйек және ірі оқиғаларға толы, шұғыл әрекет етуді қажет ететін нағыз жұмыс.
Полицейлер шағымданбайды, мақтанбайды. Олар тек өз міндетін атқарады. Қала ұйықтап жатқанда — олар біздің тыныштығымызды күзетеді.
– Біз батыр емеспіз. Тек таңертең адамдардың жұмысына, балалардың мектебіне алаңсыз баруы, ал отбасылардың қала көшесінде қорықпай серуендеуі үшін тырысамыз, – дейді полиция қызметкерлері.
Егер сіз қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз – үнсіз қалмаңыз. 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Тәртіп — әрқайсымыздан басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-bolshevik/press/news/details/1047292?lang=kk
Жауап қалдыру