
Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қалалық прокуратураның бірлескен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері қала тұрғындарына көшпелі қабылдау өткізді.
Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Enbek.kz порталындағы 2 мыңнан астам тұрақты және субсидияланатын уақытша бос жұмыс орындарын ұсынды.
Арнайы кеңес беру бұрышында Мансап орталығының мамандары жұмыспен қамту шаралары – кәсіптік оқыту, қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналастыру және Enbek.kz порталының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жәрмеңке аясында жұмысқа жолдама алған тұрғындардың бірі – Бақтияр Сейдуллаев. Ұзақ уақыттан бері жұмыс іздеп жүрген ол осы іс-шара барысында көңілінен шыққан жұмыс орнын тапқанын айтып, ризашылығын білдірді.
-Жәрмеңке туралы әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы біліп келдім. Қазір “ЮГ Plastik.kz” ЖШС-не жұмысқа жолдама алдым. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді ол.
Сондай-ақ “Жастар практикасы” бағдарламасы аясында да заңгерлік қызметке жолдама алған жас маманның әкесі Ақылбек Ақанбаев ұлының жұмысқа орналасқанына өз қуанышы білдірді.
-Ұлым биыл жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын алды. Бүгінгі жәрмеңке арқылы заңгерлік қызметке жолдама алды, – деді ол.
Жәрмеңкеге жалпы 100-ден астам азамат келіп, кеңес алды. Нәтижесінде 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа, 21 азамат субсидияланған жұмыс орындарына, оның ішінде “Жастар практикасы” мен “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламалары арқылы, ал 8 адам кәсіптік оқытуға жолданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1047112?lang=kk
Жауап қалдыру