
Әуе қорғанысы күштерінің ҰҰА мамандарын дайындау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының базасында FPV-дрондармен жұмыс істеу бойынша қарқынды оқыту курсы аяқталды.
Оқыту курсы теория мен практиканы қамтыды. Өндірушілер дрондардың техникалық ерекшеліктері туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар қолданудың негізгі сценарийлерін пысықтап, практикалық сабақтар өткізді.
FPV дрондары ұрыс даласында артықшылықты иелене отырып, жауынгерлік қимылдар тактикасын түбегейлі өзгерте алады. Жоғары дәлдіктегі басқару элементтері, нақты бейне трансляциясы және маневрлік қабілеттері заманауи әскери күштер үшін таптырмас құрал болып отыр. Олардың жергілікті жерді әуеден барлау және арнайы тапсырмаларды орындаудағы мүмкіндіктері шексіз.
– Біздің мамандар FPV-дрондардың техникалық сипаттамаларына жоғары баға берді, – деп атап өтті Оқу орталығының бастығы подполковник Алмат Хайрушев. – Бұл жай ғана техника емес, жеделдік пен дәлдіктің жаңа деңгейі. Оны Қарулы күштерде қолдану бұрын қол жетпестей болып көрінген мүмкіндіктерді ашады.
Оқу орталығының барлық офицерлері ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы дипломды мамандар екенін атап өту керек. Оқыту курсы барынша тиімді өтті.
– Бұл жерде әскери қызметшілерді даярлау деңгейі өте жоғары, сондықтан оларды оқыту бізге оңайырақ болды, – деді «Қазинжиниринг» АҚ «R and D» орталығының бас директоры Ғани Байсейітов. – Әскери қызметшілерге берген білім мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға пайдасын тигізеді деп үміттенеміз.
Офицерлер FPV-дрондардың жұмыс принциптерін, олардың тактикалық қолданылуын зерделеп, құрылғыларды іс жүзінде қолдану машығын игерді. Курсты аяқтаған әскери қызметшілерге біліктілігін растайтын сертификаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1047045?lang=kk
Жауап қалдыру