
1996 жылғы 17 тамызда Ақтауда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз туы алғаш рет көтерілді.
Бұл оқиға егемен еліміздің Әскери-теңіз күштерін құру жолындағы маңызды қадам болды. Осы тарихи датаның 29 жылдығына орай Ақтаудағы амфитеатрдың ашық алаңында салтанатты шара өтті. Іс-шараға әскери қолбасшылық, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталып, Мемлекеттік және Әскери-теңіз тулары көтерілді. Әскери-теңіз базасының командирі, бірінші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады.
– Бүгін біз Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұлттық мүддемізді қорғауды қамтамасыз ететін Әскери-теңіз күштерінің іргетасын қалаған тарихи оқиғаны атап өтудеміз. Қазіргі буын әскери қызметшілер алғашқы теңізшілер салған дәстүрлерді бағалап, Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін арттыру мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында қызмет етуде, – деді ол.
Іс-шараға 2000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтар жиналды. Олар теңіз жаяу әскерлері, арнайы жасақтары мен авиация бөлімшелерінің көрсетілімдерін тамашалады. Әскери қызметшілер жауынгерлік даярлық элементтерін, десант қону кезіндегі тактикалық іс-қимылдарды және қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін көрсетті.
Мерекенің шарықтау шегі Каспий теңізі акваториясындағы Әскери-теңіз күштері кемелерінің шеруі мен Ақтау гарнизоны жеке құрамының салтанатты сап түзеп өтуі болды.
Сонымен қатар, заманауи теңіз техникасының, қару-жарақ пен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды. Концертке әскери оркестр мен Әскери-теңіз күштерінің шығармашылық ұжымы қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1052262?lang=kk
Жауап қалдыру