
Алматыдағы Орталық стадионның алдында еліміздің басты спорт мерекесі — Қазақстан Республикасының Спорт күні өтті. Қала тұрғындары үшін ондаған белсенді іс-шара, жарыс, өнерпаздардың қойылымдары және танымал спортшылармен кездесу ұйымдастырылды.
Фестивальдің салтанатты бөлігі марапаттау рәсіміне арналды. Қатысушыларға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков құттықтау сөз арнады:
«Баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын. Спортпен шұғылдану тәнді ғана емес, рухты да шыңдайды, жігер мен табандылықты дамытады. Мемлекет өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына жағдай жасап келеді, ал спорт бұл бағытта маңызды орын алады. Алматы еліміздің спорттық орталығы ретінде үлкен әлеуетке ие», — деді ол.
Әкімнің орынбасары белгілі спортшылар мен бапкерлерге ведомстволық наградаларды табыстады. Олардың арасында спорт ардагері, батут гимнастикасының жаттықтырушысы Александр Лаврентьев, Қазақстанның еңбек сіңірген дзюдо бапкері Евгения Богунова, ұлттық және ат спорты клубының жетекшісі Нұрлан Оспанов және басқа да мамандар бар.
Ал Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы спортшыларға алғыс хат табыс етті. Оларды Қазақстанның еңбек сіңірген дзюдо бапкері Хусанжан Курбанов, Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері, грек-рим күресінің шебері Асылжан Тәжіев, қылыштасудан спорт шебері София Ақтаева және алматылық спорттың дамуына үлес қосып жүрген көптеген жаттықтырушы мен спортшы алды.
Мерекеге спорт жұлдыздары да келді. Жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті:
«Физикалық дамуға мән беру өте маңызды. Ашық алаңда өтетін мұндай фестивальдер — балалар мен жасөспірімдерге әртүрлі спорт түрін байқап көруге мүмкіндік. Бәлкім, бүгінгі келген жас алматылықтардың арасында болашақ чемпиондар өсіп келе жатқан шығар», — деді ол.
Мереке барысында дзюдодан бастап шахматқа дейінгі түрлі спорт түрлерінен көрсетілім мен турнир өтті. Ерекше сәттердің бірі Олимпиадалық резервтегі №9 спорт мектебінің брейк-данс құрамасының бағдарламасы болды. Жас бишілер көрермендерді шеберлігімен және ерекше қимылдарымен таңғалдырды. Қатысушылардың бірі 14 жастағы Даниэль Кубиш оқиғасын бөлісті:
«Мен 6 жасымда теледидардан брейк-дансты көрдім де, бірден солай билеуді үйренгім келді. Қазір біз күніне үш сағатқа жуық жаттығамыз. Спорт бізге тек би алаңында ғана емес, тіпті сабақта да үздік болуға көмектеседі», — деді ол.
Спорт күніне арналған фестиваль Орталық стадион алдында кешке дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары түрлі спорттық алаңдарда күшін сынап, жаттықтырушылармен танысып, салауатты өмір салтының ерекше атмосферасын сезіне алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1052265?lang=kk
Жауап қалдыру