
Ақмола облысында 2025 жылғы егін жинау науқанына ресми түрде бастау берілді. Биыл өңір диқандарына 5,5 млн гектардан астам егіс алқабын, соның ішінде рекордтық 495 мың гектар майлы дақылдарды жинау міндеті тұр.
Жиналымға шамамен 7 мың комбайн жұмылдырылмақ, олардың үштен екісі – заманауи әрі жоғары өнімді техника. Тек биылғы жылдың алғашқы жартысында-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шамамен 40 млрд теңгеге 1,1 мыңнан астам жаңа техника сатып алды. Машина-трактор паркін жаңартуға отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы айрықша үлес қосып отыр.
Жалпы, биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 233 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау бағытталды. Оның ішінде 63,3 млрд теңге қайтарымсыз субсидиялар болды.
Айта кетерлігі, көктемгі егіс жұмыстарына несие беру тарихта алғаш рет ертерек – өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Нәтижесінде өңірдің 900-ден астам фермері жалпы сомасы 117 млрд теңгеден астам қаржы алды. Бұл диқандарға себу науқанын уақтылы әрі сапалы өткізіп, алқаптарды арамшөптен, зиянкестерден және түрлі аурулардан қорғауға мүмкіндік берді.
Аграрлардың болжамына сәйкес, биылғы жылы шамамен 6 млн тонна астық және 650 мың тонна майлы дақыл жиналады деп күтілуде.
Егінді табысты жинауға заманауи агротехнологиялар да ықпал етеді. Көптеген шаруашылықтар дәлме-дәл егіншілік әдістерін, өсімдіктерді қорғаудың икемді тәсілдерін және ауыспалы егіс жүйесін қолданып, ауа райының құбылмалы жағдайына қарамастан мол өнім алуды жоспарлап отыр.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, тамыз және қыркүйек айларында ауа температурасы климаттық норма шегінде болады, жауын-шашын мөлшері нормадан шамалы аз немесе шамалас болады. Көптеген аудандарда жаздық бидайдың өнімділігі көпжылдық орташа деңгейге сәйкес келеді, ал Бұланды, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында одан жоғары болады деп болжануда.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан өңірде егінді сәтті жинауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Бүгінде бізде заманауи техника, қажетті жанармай, білім мен тәжірибе бар. Ең бастысы – әрбір қатысушының ұйымдасқан жұмысы мен жауапкершілігі. Егер біз егін жинау науқанын қысқа мерзімде және шығынсыз өткізсек, лайықты нәтиже аламыз әрі облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді ол.
Ақмола диқандары биылғы егін науқанын сенімді түрде бастап отыр. Алда тұрған қызу жұмыстар әр минут пен әр гектардың құнын арттырады, өйткені олардың нәтижесі ауылдың әл-ауқатына және өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1054027?lang=kk
Жауап қалдыру