
Қазақстан полициясы тарихында ерлік пен адалдықтың талай жарқын үлгілері бар. Солардың ішінде полиция старшинасы Манас Жұмаділовтың есімі айрықша аталады. Оның ерлігі – Отанға соңғы деміне дейін адал қызмет етудің шынайы бейнесі. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Манас жастайынан өз мақсатын айқын білді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ол қылмыстық іздестіру бөлімінде қызмет атқарып, қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде болуды армандады. 1995 жылы ол Боралдай аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасып, көп ұзамай полиция формасын киді. Бокспен шұғылданған, алға қойған мақсатына берік жас жігітті еш ойланбастан қабылдады. Бір жылдан кейін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің заң факультетіне түсіп, қызметін біліммен ұштастырды.
1996 жылдан бастап Манас Боралдай ауылдық полиция бөлімшесінің кезекші бөлімінде еңбек етті. Жас, жігерлі, адал – ол болашағынан зор үміт күттірген қызметкер еді. Алайда тағдыр басқа жолды таңдады.
2000 жылдың 31 мамырында Манас тәуліктік нарядқа түсті. Сол күні Боралдай ауылында қауіпті қылмыскердің жасырынғаны туралы хабар түсті. Жұмаділов әріптестерімен бірге дереу оқиға орнына жетті. Үй мен қора-қопсыны түгел аралағанымен, ешкім табылмады. Барлығы жалған дабыл секілді көрінді. Бірақ Манас бәрін жеке өзі қайта тексеруді ұйғарды.
Сарайдың ішінен ол көзге түсе қоймайтын есікті байқап қалды. Оның ар жағындағы шағын бөлмеде қылмыскер тығылып отыр екен. “Шық та, менімен жүр”, – деді полицей сабырлы үнмен. Бірақ қашуға әрекет жасаған қылмыскер оған қарсы ұмтылды. Арпалыс басталып, қолында пышақ жарқ етті. Бірнеше жерінен жараланғанына қарамастан, Манас қылмыскерді жібермей, әріптестері жеткенше ұстап тұрды.
Ол кезде Манас небәрі 27 жаста еді. Артында жары мен екі баласы қалды.
Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Манас Жұмаділов қайтыс болғаннан кейін “Айбын” орденімен марапатталды. Боралдайда бір көшеге оның есімі беріліп, полиция бөлімшесінің аумағына ескерткіш орнатылды.
Бүгін, жылдар өтсе де, Манас Мақанұлының ерлігі жас полицейлер үшін өнеге болып қала береді. Бұл – шынайы қызмет дегеніміз жай ғана жұмыс емес, ол – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында ең қымбаттысын, өз өмірін де құрбан етуге дайындық екенінің айқын дәлелі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1053894?lang=kk
Жауап қалдыру