
Шомылу маусымында еліміздің барлық өңірлерінде азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар жалғасуда. Іс–шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарға қауіпсіздік ережелерін еске салу, балаларды қорғауға ерекше назар аудару, сондай-ақ сақтық шараларын кеңінен жеткізу.
Елордада су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Қауіпті учаскелерде мобильді бекеттер қойылды, құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етеді, 80 маман, 9 жүзу құралы және 5 бірлік техника жұмылдырылды. Патрульдеу күн сайын, оның ішінде жаяу аралау да жүргізіледі. Халықты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінеді: 250-ден астам ескерту белгісі, 20 ақпараттық стенд орнатылды. Сонымен қатар құтқару жабдықтарын көрсету арқылы көшпелі брифингтер өткізілді. Бұған қоса прокуратура және полициямен бірлесіп су айдындарының бойында рейдтер мен су түбін тексерулер жүргізілді. Маусым басталғалы бері Астанада 13 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. Ережелерді бұзғаны үшін 20 азамат жауапкершілікке тартылды.
Алатау ауданында және Алматы облысының Қонаев қаласында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді. ТЖД қызметкерлері «Асыл-көл», «Голубой залив», «Нари» и «КХ Николаевка» жағажайларында демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Прокуратура өкілдерімен, Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағы және ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп су айдындарында рейдтер ұйымдастырылды. Іс-шаралар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар «Батан» тау-туристік аймағында құтқарушылар демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында аумақты барлау жұмыстарын жүргізді.
Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері Бәйгеқұм ауылында орналасқан «Ханкожа» көліне рейд ұйымдастырды. Іс-шара барысында су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылды. Судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған азаматтарға қатысты облыс бойынша жалпы 47 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Павлодар облысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері Қызыл Жарты Ай қоғамының волонтерлерімен және мүдделі органдармен бірлесіп күн сайын жағалау аймақтары мен су айдындарын патрульдеу жұмыстарын жүргізуде. Мониторинг үшін Ертіс өзенінің аса қауіпті учаскелері таңдалды. Рейдтер барысында демалушылармен белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру әңгімелері өткізіледі. Өткізілген іс-шаралар барысында құтқарушылар су айдындарында 19 адамды, оның ішінде 6 баланы құтқарды. Сонымен қатар Баянауылдағы су айдындары мен туристік бағыттарда тәулік бойы құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылды. Туристік маусым басталғалы бері жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 24 азаматқа көмек көрсетілді.
Шымкент қаласында судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шаралар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Жүзу маусымы аяқталғанға дейін күнделікті патрульдеу, рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары қатаң бақылауда болады. Кезекті профилактикалық іс-шара «Рахат Бадам» демалыс аймағында өтті. Оған Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері, әкімдік өкілдері және «Оңтүстік» телеарнасындағы «112» бағдарламасының журналистері қатысты. Акция барысында демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға суға батып бара жатқан адамды құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері іс жүзінде көрсетілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға үндеу жасайды: судағы қауіпсіздік ережелерін елемеуге болмайды, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмаңыздар, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және қажет жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласыңыздар.
Судағы қауіпсіздік — бұл ортақ жауапкершілік. Тек қана мұқияттылық пен қарапайым ережелерді сақтау ғана жазғы демалыс кезінде денсаулық пен өмірді сақтап қалуға көмектеседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1053823?lang=kk
Жауап қалдыру